Ұлытау облысында бірнеше ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда
Солардың бірі – Жаңаарқа ауданы Ералиев ауылдық округіндегі «Жалын» кен орны. Мұнда 2010 жылдан бері «Сарыарка-ENERGY» ЖШС жұмыс істейді. Кен орнының жалпы ауданы — 4,015 шаршы км, көмір ашық тәсілмен өндіріледі. Көмірдің баланстық қоры — 55,2 млн тонна, оның ішінде өнеркәсіптік қоры — 49,1 млн тонна.

«Жалын» кен орнының көмірі Г, ДГ және Д маркаларына жатады- күлділігі төмен, күкірті аз, жану жылуы жоғары көмір түрі. Кәсіпорында өндіру үшін қажетті инфрақұрылымның бәрі бар: теміржол тұйық жолы, электр желілері, жолдар, сумен жабдықтау желісі, әкімшілік ғимараттар мен арнайы техника.

Кәсіпорынды жаңғырту мақсатында 2024 жылы көмір байыту-кен фабрикасын салу жобасы басталды. Жобаның құны- 7 млрд теңге, іске қосылғаннан кейін қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылады.


Қазіргі уақытта фабриканың құрылысы аяқталу сатысында. Кәсіпорынның жалпы жобалық қуаты- жылына 2 млн тонна көмір, өнім Қазақстан, Польша, Латвия, Беларусь және Өзбекстанға жеткізіледі. Кен орнында барлығы 528 адам жұмыс істейді (мердігерлік ұйымдарды қоса).


Фабриканы толық іске қосу 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
