Ұлытау ұландары – республикалық олимпиада жүлдегерлері

21–22 ақпан күндері Астана қаласында XXVI ашық республикалық Жәутіков олимпиадасы өтті. Дарынды оқушылардың білімін сарапқа салған дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен 140-тан аса үміткер қатысып, екі күн бойы математика мен логика пәндері бойынша бақ сынады.

Байрақты бәсекеде Ұлытау облысының намысын қорғаған «Зерделі-Жезу» мектебінің 6-сынып оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Тоғжан Қарабай, Мансұр Әзірәлі, Нұртілек Смағұлов жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Қайсар Ниязалы, Рамазан Нұрмұханбет, Айсұлтан Абжан ІІ орынға көтеріліп, облыс мерейін асқақтатты. Жас зияткерлердің бұл жетістігі – тиянақты дайындық пен табанды еңбектің заңды жемісі.

Оқушыларды білім додасына дайындаған ұстаз – Жолтай Қайрат. Ол шәкірттеріне тек есеп шығарудың әдіс-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, логикалық ойлау, уақытты тиімді пайдалану, күрделі тапсырмаларға батыл қадам жасау дағдыларын қалыптастырып келеді. Сабақтан тыс уақытта қосымша дайындық ұйымдастырып, әр оқушымен жеке жұмыс жүргізуі – ұстаз жауапкершілігінің айқын дәлелі. Жас болса да ізденімпаздығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында шәкірттерін республикалық деңгейдегі жарыстарға жүйелі түрде дайындап жүр.
Оның жетекшілігімен оқушылар жыл сайын Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім-Инновация лицейлері және Республикалық физика-математикалық мектеп гранттарын иеленіп, білім көкжиегін кеңейтуде. Бұл – сапалы білім мен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Ата-аналардың ұстазға деген сенімі мен алғысы да осы тынымсыз еңбектің шынайы бағасы.
Жүлдегерлер мен олардың жетекшісін лайықты жеңістерімен құттықтаймыз. Ұстаз еңбегі еленіп, шәкірт жетістігі еселене берсін. Ұлытау облысының дарынды ұландары алдағы уақытта да толағай табыстарымен қуанта беретініне сенім мол.

Өз тілшімізден.