ҰЛЫТАУ: этнос құру феномені

Ұлы Дала – жұмыр жердегі құрлықтың 1,8 пайызын алып жатқан, әлемдік дамудың өзегі мен әлемдік тарихтың куәгері саналатын Ұлы ел – Қазақ халқы мекендеген жер аумағы, кең-байтақ өлке. Халқымыздың асыл мұрасы – кең пейілі, мейірімді мінезі, тіл шешендігімен, тағы да басқа көптеген қасиеттері ұрпағына жер киесімен, қанмен, тәрбиемен беріліп келе жатқаны белгілі. Жеті ғасырлық тарихын, жеті ата шежіресін жатқа білген қазақ жұрты ел басынан өткен елеулі оқиғаларды, қасиет қонған жерлерді жырға қосып, айрықша дәріптеу ғұрпымен де ерекшеленеді…

Елбасының сөзіне сүйенсек, Қазақ елі даласының қай-қайсысы болсын, тарих тұнып тұрған өңірлер. Жұрт жадында ерекше жтталып қалғандарына келер болсақ, солтүстіктегі Көкшетауы, оңтүстіктегі Түркістаны мен Қаратауы, шығыстағы Алтай тауы, батыстағы Маңғыстауы – тоғысқан жұртқа өнеге мен рух сыйлаған аймақтар. Солардың арасында Ұлытаудың орны – бір басқа.

Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына ұсынған әлеуметтік-саяси бағыттарының бірі «Мәңгілік ел» атауымен белгілі. «Мәңгілік ел» идеясы аясында еліміздің тарихы, экономикасының дамуы назарға алынған. Соған орай, ел аумағында қыруар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы төңірегінде жаңа ұлтаралық қауымдастық орталықтары ашылуда. Балабақшалар, мектептер мен университеттердің білім беру жүйесіне ұлттық нақыштағы, сондай-ақ, жаңа еуропалық стандартқа сай тың үрдістер енгізілуде. Меритократия талаптарына толыққанды жауап бере алатын мемлекеттік аппарат құрылуда, ел экономикасы постиндустриялық деңгейде жаңартылуда.

Кезінде Ұлы Дала перзенттері – сақ, ғұн, тур тайпалары жойқын жорықтармен Русь, Вэй, Иран, Византия мемлекеттерін тізе бүктірсе, моңғол-түрік дәуірінде Шыңғыс хан төңірегінде біріккен найман, қият, керейіт, меркіт, татарлардан құралған конфедерация жер көлемі жағынан Британ империясынан кейін тұрған әлемдегі ең үлкен державаны құрды.

Ал хандық дәуірде қазақ рулары бас қосып, Қазақ хандығы айналасында Шығыс Дешті-Қыпшақ жерлерін біріктірді.

Елімізде киелі жерлер өте көп, дегенмен, Ұлытаудың орны – бөлек. Әлемдегі ең үлкен космодромның траекториясы, ең үлкен құмды мыстың қоры, Сібір зауытын толық қамтамасыз еткен марганец кеніштері, осмий, рений қорлары жинақталған өңір – күллі түркі бесігі саналатын Ұлытау аймағы. Ұлытаудың табиғаты мен ауа райы да өзгеше. Таулармен қосарланған бұлақтар, жасыл орманға ұласқан жапан дала мен шөлдер, мұнар шың мен терең қия қатарласқан аймақ кез-келген адамды тамсандырады.

Өз басым жалпы түркі жұрты ұлықтайтын Ұлытау өңірінде жоғары тарихи-этнографиялық мәселелердің шешімдерін бекіту қажет деп есептеймін. Сол арқылы жас ұрпақтың бойында адами биік құндылықтар – патриотизм, отбасы берекесі, жомарттық, табиғатқа жанашырлық идеялары жаңғырарына кәміл сенемін.

Ұлытау – түбі бір түркі елінің бесігі. Елбасы айтқандай, «Біздің Ұлытауымыз досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз».  Расында да, Еуропаның антикалық Афины мен Риміне, шығыстың Сиані мен Пекиніне, үндінің Делиі мен Бенгалына, Леванттың Бағдады мен Иерусалиміне теңбе-тең тарихи мұралар Ұлытаудан табылады. Л.Н. Гумилев жазып кеткендей, әлемдік суперэтностардың ең алыбы болған түркінің ошағы – Ұлытау. Орыстың атақты қайраткері, географ-тарихшы ғалымы П.Н. Савицкий: «Қазақстанның інжу-маржаны Ұлытау қандай керемет! Мұғалжар қандай ғажап!.. Бұлардың бәрі – байтақ даладағы қорықтар, жай ғана дамудың орталықтары емес, этностардың өсіп-өну орталықтары, киелі орындардың ең бір құдіреттілері» деген екен.

Танымал тарихи тұлғалардың осыншалықты жоғары баға беруі – негізсіз айтыла салған сөз емес, білімі терең жандардың түйінді ой-толғауы. Ұлытау Л.Н.Гумилевтің зерттеулері бойынша хан ордасы ретінде барлық дерлік Еуразиялық тарихи процестердің эпицентрі рөлін атқарған. Кейін Кеңес Үкіметінің орнығуы айбары мол мұраны мейлінше шеттетіп, Тәуелсіздік нұры арқау болуы себепті, міне, қайта жаңғырып жатырмыз.

Этнос құру – бір мезетте пайда болатын құбылыс емес, үздіксіз дамитын тарихи эволюция. Әр елдің этнос құру орталықтары бар, бір жалаудың астына жиналған жұрттың орда деп атайтын сарайы болуы – заңдылық. Латындар Римді, эллиндер Афинаны, нордтықтар Пруссияны, ханьдар Бейдзинді, үнділер Делиді, арабтар Мекке-Мәдинені, парсы-вавилондар Шумер-Аккадты тайға таңба басқандай тарихи ошағы деп мөрмен бекітсе, кешегі кеңестік «тарихи этноцид» пен қуғын-сүргін салдарынан біз бір мәмілеге келе алмай отырмыз. Бұл қазақ тарихының ретке келтіріп, ортақ түйін жасалуы қажетті ең өзекті проблемаларының бірі.

Ұлытаудың этнос құру мәселесі тікелей географиялық орнымен байланыстырылады. XVIII-XIX ғасырлар тарихшылары Ұлытауды «Бұлақтар елі» деп атаған. Қателеспеген болар, өйткені, Ұлық тау өлкесінде бұлақ пен өзен мол болған. Заманында таза қанды атанған арийлер, көшпелілікпен айналысқан мезгілде қыстау да, жайлау да, күзеу мен көктеу болар жер іздеуде Ұлытаудың географиялық белдеуі оларға таптырмас дүние еді. Еуразияның қақ ортасы, өзен-бұлақтардың молдығы, аймақтың кеңдігі, жер байлығы, сырттан келетін жауға таулардың қорған болуы, міне, ежелгі заманда мемлекет құруға басқа қандай критерий қажет? Осындай критерийлердің бәрі бір арнаға тоғысқан өңір Ұлытау – Ұлы Даланың ең алғашқы этносаяси бірлестіктерінің орталығы болды. «Ариянам Вайджа» деп аталатын ұлан-ғайыр өлкені қамтып отырды. Сол замандарда зороастризм аталатын отқа табыну дінінде Заратуштра (Зәрдеш) есімді дана кісі болыпты. Алғашқы діннің негізін қалаған Зәрдеш Ертағы тауы (ерте замандағы Ұлытаудың атауы) маңында Құдайдан бір түнде аян көреді екен. Сол күндерден кейін Зәрдештің төңірегінде жиналған қалың ел оны пайғамбар, билеуші сайлап, сол жерде қоныс тепкен екен деген аңыз бар. Аңыздың пайда болу тарихы фактілер және дәлелдеулермен бүгінгі күнге дейін өзектілігін бір сәт қойған емес.

Енді ерте темір және ерте орта ғасырлар дәуіріне келер болсақ, арий-турдан кейінгі сақ ұрпағы да ата-баба жолын қумай ма… Оның үстіне мыс пен темірге, тас пен жерге бай өңір қалың қол, мықты билік тұрғызуға ыңғайлы аумақ ретінде де Ұлытау өзінің маңыздылығын сақтады. Ең алғашқы темір өңдеу ісін меңгерген исседондар Ұлытауды мекен еткен. Алғаш болып пеш салып, қала орнатқан да Ұлытаудың сақ-исседон мен массагет тайпалары болатын.

Алмас қылышы Күншығыс пен Күнбатысқа әмір болған ата-бабаларымыз – ғұн тайпасы да Ұлытауда орда құрғаны мәлім. Атақты Әбілғазы қажының «Түрік шежіресіне» сүйенсек, ислам діні тарамаған уақытта тайпаларға Қара хан мен оның баласы Оғыз хан билік жүргізген, билігі Ертағы мен Кертағы тауларынан таралады деп есептеген болатын. Қазір сол Ертағы мен Кертағы таулары Ұлытау тау сілемдерінің көне атауы екені анықталды.

Әлкей Марғұлан бастаған тарихи-археологиялық экспедициялар қорытындысы бойынша Ұлытау өңірінде орналасқан Домбауыл кесенесі – ғұн дәуіріне жататын тарихи ескерткіш, бұл ежелгі діни наным-сеніммен байланысты болған әдет-ғұрып негізінде пайда болуы туралы айтылған. Ғұн тайпалары деп атайтынымыз – үйсін-қаңғар, қимақ-алшын емес, оғыз елі болғандықтан, Ұлытаудың ғұн ордасы болуы жайлы жорамалдардың дұрыстығына да сенуге болады. Себебі, күллі дерекнамаларда Ұлытау өңірі оғыздардың құрылтай өткізетін, хан көтеретін ритуалды, қасиетті өлкесі екені атап көрсетіледі.

Тарихымыздың тағы бір сырын шертер дәуірі – орта ғасырлардағы түркі заманы. Ерте орта ғасырлардағы түркі тайпалары одағы Алтай-Хинганнан Балқан түбегіне дейінгі аралықты алып жатқан алып держава құрған. Мұндай сахараны қолда ұстап тұрудың өзі – қиын мәселе. Осы мәселе төңірегінде, ел жалауын бір қолға жинаған орда ретінде Ұлытау ерекше көзге түсті. 552 жылы құрылған Түрік қағанатының оғыз, қимақ, қаңғар, алшын елдерінің жаз жайлауы болған ата қоныстары – Ұлытау. Осында құрылтай өткізіліп, ханды ақ киізге отырғызған. Түркі жұрты осында құрылтай өткізіп, қыз алысқан, жорыққа шыққан.

Түркінің бабасы тур елі жайлы ақпарат Иран жазбаларында көрсетілген. Деректер бойынша түркі-тур немесе Тұран елінің Афросиаб атты даңқты қағаны болғаны, сол қағанның Ұлы Далада алып мыс сарайы орналасқаны айтылады. Бұған қатысты Әлкей Марғұлан мыс сарайы Ертағы тауларында орналасқан деген тұжырым жасайды. Тұрандықтардың ежелгі ордасы осы Ұлытау болса, түркі қағандарының да VI-VII ғасырларда Жезқазған аймағында болуы ықтимал. VII ғасырдан кейінгі кезеңде пайда болған Шығыс Түрік қағанатының, одан кейінгі Тоғыз-оғыз қағанатының, одан арғысы Оғыз хандығының, Қимақ хандығының, Қаңғар хандығының, Қыпшақ хандығының билеушілері орда көтерген жері – Ұлытау екенін барша тарихшылар растап, ежелгі орда аумағына «Хан ордасы» аталатын ескерткіш қойды. Хан ордасында ҚР Тұңғыш Президенті де ақ киізге отырғызылған.

Түркі заманының бір бөлшегі саналатын моңғол дәуірі қазақ жеріне көптеген өзгерістер, жаңалықтар әкелді, еліміз асу-белестерден асып, әлемге қайта танымал болды. 1206 жылы Қарақорымда хан көтерілген Шыңғыс хан үлкен ұлысты тұңғышы Жошыға табыстап, Ұлытауда Орда-Базар атты қыстауды ұлыс астанасы ретінде жариялайды, теңге соқтырады. Найман-Бағаналы руынан шыққан Аталық жырау Кетбұқа бидің де ордасы болған жер – Ұлытау. Әмірі қиырға жеткен моңғол хандары Жошы, Батый, Беркенің астанасы болған, ұлы қолбасшы, Аталық жырау Кетбұқаның сарайы орналасқан өлкеде 1250 жылдары «Сары крест жорығы» аталатын белгілі әскери кампания бастау алған. Сол жылдары Қарақорымда өткен моңғол құрылтайы шешімі бойынша, бауыршы-ноян Кетбұқа би бастаған әскер Ұлытауда жиналып, Сырдан Иранға өту жөнінде бұйрық берілді, кейін қосынға Хулагу хан да қосылды. «Сары крест жорығы» – Еуропа мемлекеттері басшылары мен Рим Папасына дейін белгілі болған жорық. Жорық нәтижесінде Кетбұқа би қазіргі Ауған, Пәкістан, Иран, Ирак, Араб, Сирия жерлерінде орналасқан мемлекеттерді талқандап, Хулагу ханмен бірге Бағдадты алады. 1260 жылы Айн-Джалут шайқасы өтеді. Моңғол билігі Азияда түгелімен орнап, Елхандар мемлекеті құрылады.

Ұлы Дала сахарасында небір хандар мен би-шешендер ғұмыр кешті. Кейінгі ұрпақ ел тарихы мен бабалар ұлағатын өз бойына сіңіріп отырды. Өткеннің ұлық сарынынан нәр алған Жошы ұрпақтары XV ғасырдың екінші жартысында Әбілқайыр ханнан бөлініп шығып, Сарыарқаны құтты мекен қылады. Керей мен Жәнібек Қазақ жұртшылығына хан ордасын қайтарады. 1511 жылы хан сайланған Қасым өз ордасын Ұлытауда орнатады. Елшілер Түркістан, Созаққа келсе де, бойына даланың бостандығы мен елдің еркіндігі дарыған қазақ хандары ғұмырының басым бөлігін кең далада өткізген. Қазақ құрылтайларында интеграцияға түскен халық бір ортаға ұйысып, оғыздан шыққан наймандар, сарматтан шыққан алшын, әлім, байұлылар, тиграхаудан үйсін-қаңлылар, қарлұқтан шыққан арғындар, қиданнан шыққан керейлер, қимақтан туған қыпшақтар бір тудың астына бірігіп, тұтастай Ұлы Қазақ елін Ұлытауда құрады.

Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір, Тәуке хандар Қазақ туын көтерген астанасы Ұлытау болғандықтан, сырттан келген жауды хан ордасына жеткізбей жеңіп, тойтарыс беріп отырған. Бұл эпизод ертедегі сақ заманынан қайталанып отыр. Барша әлемді жаулап алып, мың ұлтты елге басшы болған Кураш патша Томиристің қолынан Ұлытау сілемдері түбінде қаза тапса, шайқаста ұтылып көрмеген «Грек айдаһары» Ұлы Александр Ұлытау түбінде сақ тайпаларынан жеңіліс табады. Осындай тылсым күшке ие Ұлытау өңірі өз қаһарын 1727 жылы өткен Бұланты шайқасында қайта көрсетеді. 1710 жылдан тоқтаусыз ілгері жылжыған ойраттардың 1723-1727 жылдар аралығындағы «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» атауымен белгілі жойқын жорығы 1727 жылы Байқоңыр маңындағы Білеуті мен Бұланты өзендері түйісетін тұста түйінделеді. Қазақтар сол жерде қатты соққы беріп, ойраттың күл-талқанын шығарады. Бүгінгі күндері бұл жер – «Қалмаққырылған» деген атпен белгілі.

Жаугершілікке жол ашқан қиын-қыстау заманда сақ елінің патшасына барлық аймаққа әскер аттандыру, оларды қарумен, азықтүлікпен қамту орталығының ауадай қажеттілігі туындаған еді. Ұлытауды орда еткен дана шешімінің ізгі жемісін кейінгі ұрпақ көріп, мың тағзым етеді. Көршілес елдердің жұртшылығы күнгейі мен теріскейі бірін-бірі түсінбей, тіл диалектілері қалыптасқан уақытта, «Ақ ордалы» ел өзге жолға қадам басты. «Біріңді қазақ, бірің – дос, көрмесең, істің бәрі – бос», – деп жырлаған Абайдың парасаты ерте дәуірде өмір сүрген, данышпан, досқа адал, жауға қатал сақтардан бастау алған.

Жорыққа шыққанда мұндай жақын интеграция салдарында ру-тайпалар арасындағы диалекті, мәдениет айырмашылықтары жойылып, бірінің жақсысын біреу алып, бір жалаулы ел болады. Ұлағатты істің ар жақ-бер жағында болған Ұлытау аймағы – этнос құру миссиясы ғажайып өңір.

Қазақ даласында әсем де, ардақты таулары бар жерлер көп. Алайда атына Ұлы сөзі телінген тау – қазақта біреу-ақ. Бұл – Ұлытаудың тарихи дәрежесінің айғағы. Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев Ұлытауға қатысты былай деген: «Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған».

Күллі қазақ жұртының ұлы болуы Ұлытаудан бастау алатын шығар, бәлкім…

Қажыкелді ШАМБЫЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық университеті,

 экономика факультетінің

3-курс студенті.