ҰЛЫТАУ АҚЫН ҰЛЫН ҰЛЫҚТАДЫ
Облыс орталығында белгілі ақын, журналист, жазушы Батырбек МЫРЗАБЕКОВТІҢ 75 жасқа толуына арналған «Ұлытаудың ұлымын» атты шығармашылық кеш өтті. Кеш барысында қаламгердің «Ахмет ишан» атты жаңа тарихи романының тұсауы кесілді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мерейтой иесін құттықтап, өңір руханиятына сіңірген қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.
«Күні бүгінге дейін туған жеріңіз Ұлытау өңірінің мәдени өмірінде орын алған елеулі өзгерістерде қазақ руханиятының жоқтаушысы ретінде өзіңіздің қолтаңбаңыз бар екенін ел-жұрт жақсы біледі. Қабырғалы қаламгер, ойы жүйрік журналист ретінде сіздің қуатты қаламыңыздан туған тарихи, көркем публицистикалық шығармаларыңыз оқырман жүрегіне жетіп, халық арасында үлкен беделге ие болдыңыз. Құт-берекеңіз артып, көрер қуанышыңыз молынан болсын! Ғұмырлы болыңыз!», – дей келе, аймақ басшысы жазушының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Кеш барысында Серке Қожамқұлов атындағы театрдың жас әртістері қаламгердің өлеңдерін мәнерлеп оқыды, сондай-ақ әншілер ақын сөзіне жазылған ырғақты сазды орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында мерейтой иесі Батырбек Тыныштықбайұлы өлең оқып, келген қадірлі қонақтар мен оқырмандарына шынайы алғысын білдірді.