Ұлттық спорт ойындары дәріптелді
Газетімізде бұдан бұрын да жазылғанындай, ауданымызда ұлттық спортты дəріптеу мақсатында айшықты шаралар жүріп жатыр. Ауыл жастары мұны эстафета ретінде қабылдап, əр ауыл өз шама-шарқына қарай өткізуде.
Сондай бір дүбірлі дода Шеңбер ауылында да өтті. Жалпы, бұл ауылдың жастары ұлттық спортты сонау 2009 жылдан бері ұлықтап келеді. Осы жылы мұнда ең алғаш тай жарысы өтіп, оған Қостанай облысының Шеңбер ауылымен қоңсылас жатқан ауылдарының тұрғындары да тайларын əкеліп қосып еді. Кейін бұл жарыс дəстүрге айналды. Оның ауқымы да кеңейе түсті. Тай жарыс, құнан бəйге, аламан сияқты ат спорты тұрақты түрде өткізілді. Жылдар өте оған балуандар белдесуі, арқан тартысы сияқты білекті де жүректі жігіттердің бəсекесі қосылды.
Биыл ұлттық спортты дəріптеуге арналған доданың ауқымы тіптен артты. Жаяу жарыс, қошқар көтеру сынды күш сынасу түрлері спорт ойындарының мəртебесін арттырды. Оған əрісі Қостанай, Қарағанды облыстарынан, берісі Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданы, Қаражал қаласынан да спортшылар мен жүйріктер келді.
Ұлы Жеңіс мерекесіне орайластырылып өткен ауыл спортында жан-жақтан келген мықтылар «Аламан бəйге», «Тай жарыс», «Құнан жарыс», «Аударыспақ», «Қошқар көтеру», «Арқан тартыс», «Жаяу жүгіру» сияқты ұлттық спорт түрлерінен бəсекеге түсіп, мықтылары жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлделі орындарға ие болғандарға қаржылай сертификаттар мен арнайы дипломдар табыс етілді. Ал жарысқа ауыл жастары демеушілік жасады.
Аманкелді АҚШАЛ.