Әкім жас мамандармен кездесті

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ биылғы жылы жоғары оқу орнын аяқтап, ауданға жұмысқа келген жас мамандармен кездесу өткізді. Бұл шара аудан жастарына қолдау көрсету жəне олардың болашақта өңірдің дамуына қосатын үлесін талқылауға арналды.

Аудан басшысы жас мамандардың алған білімі мен тəжірибесін туған өңірде іске асыруы өте маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін кез-келген азаматтың мүмкіндігі мол. Ең бастысы жастардың бойында ынта-жігер болуы керек. Арнайы тест бағдарламасынан өтіп, конкурстық іріктеуге қатыса алады. Білімі мен қарым-қабілетін көрсете білген азаматтардың сатылап өсуіне де мүмкіндік мол, – деп атап өткен аудан басшысы жаңадан мемлекеттік қызметке орналасқан жас мамандарды құттықтап, сəттілік тіледі.
Кездесу барысында аудан əкімдігі тарапынан жас мамандарға арналған бірқатар жобалар мен мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді. Əсіресе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы кеңінен талқыланды. Ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несиелер беру, əлеуметтік қолдау көрсету мəселесі бойынша ақпарат берілді.
Кездесу соңында аудан басшысы жастарға əрдайым қолдау көрсететінін, олардың болашағына үлкен үміт артатынын жеткізіп, жастарды аудан дамуына белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, бастамалары мен ұсыныстарын əрқашан қолдайтынын жеткізді.

Өз тілшімізден.