Әкім бірқатар нысандарды аралады

Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков аудан орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен Рәміздер алаңындағы қоршау жұмыстары тексеріліп, сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығы атап өтілді. Жұмысты мамыр айының соңына дейін аяқтау тапсырылды. Жоба аясында 1062 метр 3D қоршау және 35 метр темір қоршау орнатылады. Кейін алаңды қайта абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан әкімі орталық сахна алаңындағы жаңарту жұмыстарымен де танысып, жауаптыларға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды. Қазіргі таңда эстрада алаңына жаңа төсемдер төселіп, айналасы абаттандырылып, заманауи келбетке келтірілуде.
Сонымен қатар, орталық алаңға жаңа LED экран орнатылып, елді мекеннің көркі одан әрі айшықталды. Хандар алаңы мен кіреберіс айналма жол бойына гүлзарлар егілуде және оларды күтіп-баптау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Айта кетерлігі, биыл аудан орталығында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Серікбай Асатов, Қаныш Нұртазинов және Тайжан Қалмағамбетов көшелеріне жаңа тротуарлар салынады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым анықталып, құрылыс жұмыстары маусым айында басталады. Бұдан бөлек, «Таңбалы тас» және «Ұлар» саябақтарын қайта жаңғырту мен абаттандыру жұмыстары да жоспарланған.
Аудан орталығының инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Әкімдіктегі жауапты мамандар барша тұрғындарды атқарылып жатқан жұмыстарға жанашырлықпен қарап, жаңадан салынған нысандарды таза әрі ұқыпты ұстауға шақыруда.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.