Киелі Түркістанға сапар: ардагерлерге құрмет, туризмге тың серпіліс

Ұлытау өңірінде аға буын өкілдеріне деген құрмет әрдайым басты орында. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен ерен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету, оларға қолдау көрсету дәстүрге айналған. Соның айқын көрінісі – аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жасалған тағылымды іс-шаралар. Олар аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырыс аясындағы жобасы негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Биыл туған өлкесінің дамуына үлес қосып, қоғам мен мәдениеттің өркендеуіне белсене араласқан аудан ардагерлері үшін киелі Түркістанға арнайы сапар ұйымдастырылды. Бұл тек қана рухани саяхат қана емес, сонымен бірге ішкі туризмді дамытуға серпін беретін игі қадам болды. Ардагерлерді киелі Түркістанға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов бастап апарды.

Ардагерлер әуелі күллі түркі жұртының рухани орталығы саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп, бабалар рухына тағзым жасады. Сонымен қатар, Хилует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі сияқты тарихи-мәдени орындарды аралап, көне дәуірден сыр шертетін құндылықтармен танысты.
Түркістанның ең көрікті орындарының бірі – «Керуен сарай» кешені де ардагерлердің ерекше қызығушылығын тудырды. Әсем ғимараттар, ортасында қайықпен серуендейтін су арнасы, саябақтар мен су бұрқақтардан тұратын қалашық қонақтардың көңілінен шықты.

Сапар барысында ардагерлер рухани азық алып, елдің амандығын, Ұлытаудың тыныштығын тілеп, дұға бағыштады. Осындай игі шараны ұйымдастырған аудан әкімдігіне ризашылықтарын жеткізіп, жастарға осындай мүмкіндіктердің беріліп жатқанына қуанды.
Бұл сапар – жыл сайын дәстүрге айналған ардагерлерге құрметтің жалғасы. Өткен жылы аудан ақсақалдарына арнап Жошы хан кесенесіне саяхат ұйымдастырылса, биыл бұл бастама Түркістанға жалғасты. Алдағы уақытта да игі дәстүрдің жалғасын табатыны қуантады.
Мұндай бастамалардың тағы бір қыры – ішкі туризмді дамытуға қосатын үлесі. Ардагерлердің өзі тарихи-мәдени орындарды аралап, жастарға өнеге көрсетіп, туған өлкенің тарихын дәріптеуде. Түркістанға сапар – бір реттік саяхат қана емес, елдің тарихи жады мен рухани құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам.
Ұлытау мен Түркістан – қазақтың қос киелі ордасы. Екі өңірдің де рухани туризм бағытында алар орны ерекше. Сондықтан мұндай игі шаралар елдің ішкі бірлігін күшейтіп, жас буынның тарихи танымын кеңейтуге жол ашады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.