Ерлікке тағзым – өсер елдің парызы
Күні кеше «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, «Ұмытылмас ерлік – ұрпаққа аманат» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды шараға тыл және еңбек ардагерлері, майдангер ұрпақтары, аудандық деңгейдегі мекеме-бөлім басшылары, БАҚ өкілдері және №1 Ұлытау тірек мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Үстел басында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің басшысы Әлібек Күзербаев шақырылған қонақтарды Жеңіс күнімен құттықтады.
– 9 мамыр – біз үшін қадірлі, ең қастерлі мереке. Аға ұрпақ Ұлы Отан соғысының отты жылдарында өшпес ерлік жасап, бізге бейбіт өмір сыйлады. Жеңістің қаншалықты ауыртпалықпен келгенін ешуақытта ұмытпаймыз. Бұл күндердің өшпес оқиғалары ұрпақтан-ұрпаққа жете береді, – деді музей басшысы. Сондай-ақ, аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дәурен Сәрсенбаев, Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тәшенов аға буынның ерлік істерін кеңірек әңгімелеп, патриоттық негізде ой саларлықтай әсерлі әңгіме өрбітті.
Одан кейін тыл еңбеккерлері Балымша Жарасбаева, еңбек ардагерлері Қадыр Құлахмет пен Қуаныш Бекілдеков, майдангер ұрпақтары Ләззат Мусина, Рысжан Қасенова, Дәулет Әбдірахманов өткенге оралып, майдангерлер туралы есте қалған естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде әрқайсысы Отанын оттан қорғаған майдангерлердің ержүректілігін, қаһармандығын кең тұрғыда сөз етіп, есті естеліктер айтты. Сонымен қатар, дөңгелек үстел басында Қазақстанның соғыс жылдарындағы рөлі тек майдангерлердің ерлігімен ғана емес, тылда еңбек еткен миллиондаған азаматтардың үлесімен де өлшенетіндігін көрермен қауымға жеткізе білді. Сөз арасында Жезді, Қарсақбай, Ұлытау аймағының тыл ардагерлері де Жеңісті жақындатуға дәнекер болғаны нақты дәлел дәйектемелермен айтылды. Өлкетанушы Бақтияр Қожахметов те Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігін айта келе, майдангерлердің өшпес рухына тағзым ету мақсатында бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырғанын әңгімесіне арқау етті. «АМАNАТ» партиясы Ұлытау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Айтбекұлы да өз лебізін білдірді.
– Бұл мереке – біздің аталарымыз бен әжелеріміздің Ұлы Жеңісі. Олар бізге бостандық сыйлаған жандар. Жер бетінде соғыс болмасын! Балалар бейбіт әлемде өмір сүруі керек, – деді партия филиалының хатшысы.
Патриоттық шара аясында «Ұлытау» ұлттық қорық-музейі мен ауданның архив мекемесі бірлесіп, көрме ұйымдастырды. Әуелі соғыс ардагерлерінің өнегелі өмірі, ерлік істері насихатталды. Көрмеге майдангерлердің жеке қорынан үшбу хаттары, құжаттары, наградалары, киген киімдері, фотосуреттері қойылды. Жалпы, көрмеде майдангерлер өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер көп болды.
Жоғарғы деңгейде өткізілген шараны музей басшысы Әлібек Бақытбекұлы қорытындылап, мектеп оқушыларын Отанды сүюге, өз елінің патриоты болуға шақырды. Мұнымен қоса, іс-шараға қатысқандарға дөңгелек үстел басында рахметін айтып, алғысын білдірді. Тарихтан-тағылым, өткеннен-өнеге беруді алдыңғы орынға қойған музей ұжымы осылайша жас ұрпақтың бойына патриотизм дәнін себуге үлес қосты. Шара соңында тыл және еңбек ардагерлеріне арнайы дастархан жайылып, құрмет-қошемет көрсетілді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.