Елімізде «Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауы басталады
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі «Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауының басталғанын хабарлайды.
Байқау алғаш рет «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп, тәрбие жұмысының тиімді әдістері мен инновациялық тәсілдерін анықтауға және қолдауға бағытталған.
Мақсаты – педагогикалық шеберлікті жетілдіру және сынып жетекшілерінің шығармашылық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру.
Байқауға барлық орта білім беру ұйымдарының сынып жетекшілері қатыса алады. Ол үш кезеңде өтеді:
I кезең (аудандық) — 2024 жылғы 17-18 қыркүйек;
II кезең (облыстық) — 2024 жылғы 24-25 қыркүйек;
III кезең (республикалық) — 2024 жылғы қараша айында Астана қаласында өтеді.
Байқаудың әр кезеңінде қатысушыларға бейнеролик форматында шығармашылық сынып сағатын көрсету, ата-аналармен өзара іс-қимыл жүйесін ұсыну, өзін-өзі таныстыру, өз жобаларын қорғай отырып, педагогикалық қызметте әртүрлі жағдайларға талдау жасау талаптары қойылады.
Қорытынды жұмыстар білім беру саласындағы сарапшылар тарапынан педагогтердің кәсіби және қоғамдық қызметі негізінде бағаланатын болады. Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен марапатталады, ал бас жүлдегерге ведомстволық награда тапсырылады.
Қосымша ақпарат https://orken-instituty.kz/ru/pedagogam/konkursy сайтында берілген.