«ДЕНСАУЛЫҚ АЛАҢДАРЫ»: ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТУҒА БІР ҚАДАМ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы қала әкімдігінің қолдауымен дәстүрлі «Денсаулық алаңдары» атты акцияны өткізді. Шара Сәтбаев және Жезқазған қалаларындағы танымал сауда орталықтары «Ulytau Mall», «Samadi», «Samadi Mart» және «Mechta»-да ұйымдастырылды.

Акцияға қалалық емхананың және ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының мамандары жқмылдырылды. Олар тұрғындарға салауатты өмір салтының маңыздылығын, профилактикалық тексерулердің қажеттілігін түсіндіріп, тегін медициналық қызметтер көрсетті. Атап айтқанда барлық келушілерге қандағы қанттың деңгейін анықтау, артериялық қысымды, бой мен салмақты өлшеу, АИТВ-ға жедел-тест жасау мүмкіндігі ұсынылды.

Қандағы қанты мен қан қысымы жоғары адамдарға терапевт-дәрігер кеңес беріп, жағдайына байланысты жеке тексеру және емдеу жоспарларын  құрып берді.
Акцияның медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды, аурулардың алдын алу мен ерте кезеңде анықтаудың маңызын түсіндіруді, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін таныстыруды мақсат тұтты.
Қор филиалының қызметкерлері ақпараттық парақшалар таратып, келушілерге сақтандыру мәртебесін сақтау, тексерудің жолдары, емханаға тіркелу, жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі мен мөлшері, қормен кері байланыс орнату арналары туралы кеңінен ақпар берді.
Еске сала кетейік, МӘМС жүйесі арқылы азаматтар медициналық қызметтердің кең спектріне ие болады. Атап айтқанда сақтандырылған азаматтарға профилактикалық тексерулер, учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша бейінді мамандардың қабылдауы, созылмалы ауруларды бақылау, халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек, зертханалық және аспаптық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ), мамандандырылған, соның ішінде жоғары технологиялық стационарлық көмек, медициналық оңалту, стационарлық көмек кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қолжетімді.
Денсаулықты сақтау қарапайым қадамнан басталады! Ол үшін МӘМС жүйесінде әрдайым сақтандырылған болу – маңызды.

Диана ОРАЗАЛИНА.