Биыл Жезқазған-Қызылорда жолының 65 шақырымы іске қосылуы керек
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ұлытау облысына сапары кезінде Жезқазған-Қызылорда трассасының құрылысына жергілікті компанияларды барынша тартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір Жезқазған-Қызылорда автожолын басым бағыт ретінде жасауымыз керек. Оған тиісті қаражат бөлініп жатыр. Биыл алғашқы 65 шақырымы іске қосылуы керек.
Жалпы біз республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, қайта жарақтау және салу мәселесін алға қойып, басым бағыт ретінде қаржыландырып жатырмыз», — деді Үкімет басшысы.
Айтуынша, бұл мақсатқа биыл 420 млрд теңгедей бөлініп, 3,6 мың шақырым жол жөнделеді.
«Соның ішінде Жезқазған-Қызылорда жолы бар. Бұл жолды іске қоссақ, жалпы осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп ойлаймыз. Осы жұмыстарға жергілікті компанияларды барынша тарту керек. Ал Жезқазған-Қарағанды жолының мәселесін қосымша пысықтаймыз. Оның да көзін тауып, қолға алуымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.