«Балбұлақ» – бақыт мекені

Байқоңырдағы «Балбұлақ» бөбекжайы ауыл бүлдіршіндерінің бақытты мекеніне айналғанына он екі жылдың жүзі болыпты. Ең алғаш Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында 2008 жылы балаларға есігін айқара ашқан еді.

– Әуелгі жылдары аздап қиындық қолбайлау болғаны рас. Десе де, өз ісіне адал берілген тәрбиеші мамандардың арқасында біз ол күндерді артқа қалдырдық. Қазір біздің бөбекжайда 26 бала екі топта тәрбие алып жатыр. Оларға 4 тәрбиеші, 1 аспаз, 1 медбибі, психолог пен әдіскер дәріс беріп, тәрбие жасап, қызмет көрсетуде, – дейді бөбекжай директоры Айнагүл Ақпанова.

Айнагүл Рымқажықызының айтуынша, бөбекжайдағы бүлдіршіндер жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа орналастырылғын. Мәселен, 1 жастан 3 жасқа дейінгілер «Балапан», 3-5 жас аралығындағылар «Балдырған» тобына топтастырылған. Жұмыс жоспары осы жас ерекшеліктеріне қарай түзілген. Мұнда бөбектердің зерек әрі ақылды, жан-жақты болып өсуіне барлық жағдай жасалған. Өнерге жақын балалар үшін арнайы музыка, би үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, тіл сауаттылығын қалыптастыру мақсатында ағылшын және орыс тілдерінен арнайы сабақтар жүргізіледі. Медбике кішкентай тәрбиеленушілердің денсаулығын қадағаласа, психолог маман әр баламен жұмыс жасап, олардың жеке тұлғалық қасиеттерін сараптап отырады.

Бөбекжайға ауылдың қалталы азаматтары көмек жасап тұратын сыңайлы. Мәселен, жеке кәсіпкер Ораз Ағыбаев 50 мың теңге көлемінде ойыншықтар тарту етіпті.

– Биыл біз 8 баланы балабақшадан шығарып салдық. Осы мақсатта «Қош бол, балабақша, сәлем, мектеп» тақырыбымен ертеңгілік өткіздік. Былдырлап тілі шыққаннан ой өрісі жетілген бүлдіршін болғанға дейінгі аралықта сегіз жыл бойы бөбекжай өміріне белсене араласқан түлектерімізге өз сый-құрмет көрсеттік. Мақтау қағазын тапсырып, түрлі-түсті бояу кітабын сыйға тарттық. Қимас сезіммен шығарып салдық, – дейді директор ерекше бір толғаныспен.

Айтса айтқанындай, ауылдағы жалғыз балабақшада мұн дағы балалардың бәрі тәлім алуда. Жетістіктері де жаман емес. Биылғы жылдың өзінде бүлдіршіндер аудандық білім бөлімі ұйымдастырған онлайн байқауларға белсене қатысып, биік межелерден көрінуде. Мысалы «Ұлытау – дефеле» онлайн байқауында 3 бала арнайы сертификатқа ие болса, 1 мамыр мейрамына орай өткізілген сурет салу байқауында бөбекжайдың 4 бүлдіршіні Алғыс хатпен марапатталған.

Алда бүлдіршіндердің төл мерекесі келе жатыр. Оған дайындық қызу жүруде. Тәрбиешілердің, ата-аналардың күшімен мерекелік дастархан жайылып, түрлі ойындар мен ертеңгіліктер өткізу жоспарда тұр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

БАЙҚОҢЫР ауылы.