Аян ӘБЖАМАЛОВ, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары: «Қысқы маусымға дайындық жайы – бақылауда»
Қыс маусымы жақындаған кездегі ең өзекті тақырыптың бірі – жылыту маусымына дайындық барысы. Бұл ретте Ұлытау ауданы да қысқы маусымға әзірлікті тыңғылықты жүргізіп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерге қажетті жөндеу жұмыстары атқарылып, көмір тасымалдау кестеге сай орындалады деп күтілуде. Осы жайында толығырақ білу үшін біз Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Аян Әбжамаловпен әңгімелескен едік.
– Аян Есенғалиұлы, алдымен ауданның 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындығы жайлы айтып өтсеңіз.
– Бүгінгі таңда аудан аумағында орналасқан барлық автономды жылыту жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларының нысандары жылу беру маусымына дайындық паспортын алуда. Жалпы алғанда, аудан бойынша қысқы кезеңде 59 нысан жылу жүйесі арқылы жұмыс істейді. Оның ішінде 22 жылу қазандығы, 7 электр пеші және 30 автономды қондырғы бар. Бұл нысандардың қатарында 7 мәдениет мекемесі, 4 денсаулық сақтау ұйымы, 15 білім беру нысаны, 2 спорт нысаны және өзге де мекемелер бар.
– Тұрғын үйлердің дайындығы қалай?
– Аудандағы көпқабатты үйлер саны – бесеу. Оның төртеуі көмірмен, біреуі газбен жылытылады. Әрбір үйдің жүйесіне қажетті жөндеу жұмыстары жасалды.
– Жылу маусымына қажетті көмір көлемі қанша?
– Жалпы аудан бойынша тұрғындарды қоса есептегенде, 24 758 тонна көмір қажет. Оның ішінде әлеуметтік-мәдени және бюджеттік мекемелер үшін 7625 тонна.
– Қазіргі уақытта көмір жеткізу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Әр сала бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Мысалы, аудандық ауруханаға қажетті 550 тонна көмірдің 250 тоннасы жеткізілді, мердігер – ЖК «Ералы». Спорт нысандарына қажетті 120 тонна көмір толық түсті. Мәдениет нысандарына 1355 тонна көмір қажет, оның ішінде аудандық мәдениет үйіне арналған 910 тоннаға конкурс қайта берілді, қалған нысандарға тасымалдау жұмыстары жүріп жатыр. Ал, білім бөлімі 4400 тонна қатты отын сатып алуға конкурс өткізді, жеңімпаз «ДЕДАР» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 25 қыркүйектен бастап көмір жеткізу басталады.
– Жалпы алғанда, дайындық деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Қысқа дайындық жайы аудан әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда. Мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары кестеге сай жүргізілу үстінде. Қыркүйек айының соңына дейін барлық әлеуметтік нысандарға көмір толық жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
– Істеріңізге сәттілік тіледік. Әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан,
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.