АУДАН ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУІ жағымды жаңалықпен түйінделді

Аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Қоскөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған іс ауқымы мен олардың тиімді нәтижелері хақында сөз қозғалып, биылғы жылы жүзеге асырылуы тиіс жұмыстар тізбегі тілге тиек етілген кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ пен аудандық мәслихаттың депутаты Қасқырбек ӘБУОВ қатысты.

Алғашқы кезекте күрежол бойындағы «Ащысай» су арнасы бойында қалпына келтірілген автокөлік көпірінің салыну сапасын тағы бір мәрте бағамдаған әкім мен төраға ауыл ішін аралап көрді. Соның барысында фельдшерлік-акушерлік пункттің тынысымен танысты.
Тұрғындармен кездесу кезінде Аманжол Батырбекұлы жалпы облыс көлемінде, оның ішінде, Ұлытау ауданында атқарылған жұмыстар жайлы кең сипатты әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Атқарылған және жүргізілуі көзделген іс-әрекеттердің барлығы дерлік тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттырып, тұрмыс ахуалының жайлы бола түсуіне дәнекерлік ететіне назар аударды.
Ауыз су, ұялы байланыс, электр жарығы секілді аса маңызды мәселелерге байланысты қажеттіліктер кезең-кезеңімен шешімін таба беретін болады.
Бірегей міндеттің бірі – ауылдың келбетін тартымды ете түсу, тиісінше, көгалдандыру шараларына жете мән беру. Тағы бір талап – қаржысы қарастырылған жабық спорт ғимаратының сапалы салынуын қамтамасыз ету, ауылға қажетті мамандарды мүдделі негізде тартуды ұйымдастыру. Аталған қажеттіліктер бойынша аудан әкімі ауылдық округ әкімі Нүрлан Жүгінісовке нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан туындаған сауалдарға тұщымды жауап берілді. Жекелеген түйткілді жайттардың түйінін тарқату жолдары егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті тұжырымдар жасалды.

Аудан әкімінің халықпен кездесуі жергілікті қауымды қуанышқа кенелткен аса жағымды жаңалықпен түйінделіп, ауылдағы медицина мекемесіне «Жедел жәрдем» көлігінің кілті табысталды.
– «Жедел жәрдем» қызметінің басты мақсаты – сырқаттаған жандарға дер кезінде сапалы көмек көрсету. Тосын жағдайларға тап болып, зардап шеккен тұрғындарға жылдам көмек беру – медицина қызметкерлерінің басты ұстанымы, тікелей міндеті. Осы ретте сала мамандары үшін заманауи үлгідегі автокөліктің қажеттілігі зор. Тұрғындардың талап-тілектерін ескере келе, заманауи үлгідегі «Жедел жәрдем» көлігі табысталып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл халқының денсаулығын қорғауға үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан бюджет есебінен қаржы бөлген облыс басшылығына алғыс айтамын» – деді аудан әкімі.

Жиын соңында ауыл тұрғындары өз көңілдеріне қонымды ілкімді істердің жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтіп, ауданның басшылық құрамына шынайы ризашылықтарын бүкпесіз білдірді.

Аудан әкімі Аманжол Батырбекұлы кездесуден кейін тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелеріне құлақ түрді.

Кездесуде айтылған барлық сұрақтар тіркелді. Олар бойынша іс-қимыл жоспары әзірленеді және қандай шешім қабылданғаны жайлы тұрғындарды хабардар етеді.

Ұлытау аудандық мәслихатының
баспасөз қызметі.