Аудан әкімі тұрғындарды қабылдады

Халық үніне құлақ асатын үкімет» қағидаты бойынша жұмыс істеу бүгінде əкімдердің басты міндетінің біріне айналған. Осы орайда аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ апта сайын тұрғындарды жеке мəселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдап келеді.

Осындай кезекті қабылдау бейсенбі күні де өтті. Оған аудан əкімінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшылары қатысты. Жеке қабылдауға 3 тұрғын жазылып, өздерін толғандырған мəселелерді ортаға салды. Мəселен, қабылдауға келген Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылының тұрғыны Əсемгүл Əбдірайым үй кезегі мəселесін көтерсе, «TPC Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Азамат Садуов Қарсақбай кентіне қарасты Қумола жерінен өндірістік мақсатта жер алу бойынша жүгінді. Ал, жеке кəсіпкер Еркебұлан Макшиев Ұлытау ауданында қолданыста бар мемлекеттік бағдарламалар аясында жеке тұрғын үй салу бойынша коммерциялық ұсыныстарын жеткізді.

Аудан басшысы азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдап, айтылған мəселелер тұрақты бақылауда болатынын жəне заң аясында жүзеге асатынын жеткізді. Аудан əкімі сондай-ақ қабылдауда көтерілген мəселелерге жауапты орынбасары мен бөлім басшыларына мəселелерді талдап, зерделеу жұмыстарын жүргізуді жəне заң талаптарына сай шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Аманкелді АҚШАЛ.