Алғыс айту – татулықтың айғағы
Елімізде Алғыс айту күні жаңа деңгейге көтерілген ерекше мейрам. Мереке аясында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, аудандық мəдениет үйінде еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатында «Алғыс айту – адамгершілік белгісі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Татулыққа үндейтін мəнді басқосуда аудан əкімінің орынбасары Алмат Сакипов жұмысшы мамандық иелеріне алғысын айтып, жүрекжарды лебізін білдірді. Шара барысында мəдениет үйінің ұжымы шақырылған қонақтарға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Жергілікті өнерпаздар əн-күймен шырайлы отырыстың көрігін қыздырып, еңбеккерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сый-құрметке бөленген азаматтар ұйымдастырушы тарапқа ризашылықтарын жеткізіп, көңілді тарқасты.
Аталмыш шара алғыс айту арқылы адам мен адамның сыйластығымен адамгершілігінің жарқын көрінісі екенін көрсетті.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.