Айшықты шараларға қатысты

Аптаның соңын ала аймақ басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Облыс əкімі əуелі Жезді кентіндегі қоныс тойының куəсі болып, одан кейін кенттегі жаңғыртылған аурухананың бүгінгі келбетімен танысты. Өңір басшысы өзінің жұмыс сапарын Қарсақбай кентінде түйіндеді.
Ауданның əлеуметтік-экономикалық əлеуеті жыл өткен сайын дамып келеді. Соның нəтижесінде аудан орталығында ғана емес, шалғайдағы ауылдар мен кенттерде де əлеуметтік маңызы бар нысандар жаңғыртылып, жаңадан тұрғын үйлер салынуда. Сондай бір айшықты іске кеше Жезді мен Қарсақбай кентінің тұрғындары куə болды.

6 отбасы баспаналы болды

Жезді кентінде мемлекеттік қаржы есебінен жаңадан баспана салынып, пайдалануға берілді деген қуанышты хабарды естімегелі қаншама жыл. Тіпті, кенттің келешегіне деген сенімнің де сөне бастағанын несіне жасырайық. Алайда, осының бəрі көрген түстей болды. Бір күнде алты отбасы баспаналы болып, ай аспаннан бір-ақ шықты.
Кент тұрғындарының осы қоныс тойына облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы арнайы келіп, құтты болсын айтты. Үй иелеріне баспана кілтін өз қолымен табыс етті.
Осы салтанатты сəтте өңір басшысы Жезді кентінің 80 жылдығы аясында биыл өзге де ауқымды жобалардың іске асырылатынын жеткізді.
– Биыл атаулы дата аясында тағы осындай екі үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, баспана кезегінде тұрған азаматтардың мəселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Оған қоса, денешынықтыру жəне сауықтыру кешені де осы жылы қолданысқа беріледі, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Орайы келгенде айта кетейік, тұрғындарға кілті табыс етілген қос пəтерлі үш үйдің құрылысы былтыр жыл соңында аяқталған болатын. Бұл баспаналардың жаңа иелері – кентке жаңадан келген жас мамандар мен əлеуметтік топтағы азаматтар. Бүгінгі таңда Ұлытау ауданы бойынша 72 азамат үй кезегінде тұр.
Одан бөлек, былтыр оңтүстік өңірлерден қоныс аудару бағдарламасы аясында ауданға 16 отбасы көшіп келген. Оның үшеуі маман тапшылығына байланысты Жезді кентіне көшіріліп, жұмыспен қамтамасыз етілді. Бүгінде Жезді кентінің əлеуметтік əлеуеті артып, қанатын жайып келеді.

Аурухана түбірінен жаңғыртылды

Жезді кентіндегі аурухананы жаңғырту осыдан бірер жыл бұрын басталған болатын. Алайда, əртүрлі себептермен құрылысы ұзаққа созылып, жұртшылықтың наразылығын да тудырған еді. Міне, сол жұмыс биыл толық аяқталып, аурухана түбірінен жаңғыртылды.
Жезді кентіндегі аурухана ғимараты – Ұлытау облысындағы ең ескі медициналық нысандардың бірі болатын. Кезіндегі Жезді аудандық «Аурухана қалашығы» атанған кешеннің соңғы тұяғы еді. Бүгінде аталмыш нысан заманауи тұрғыдан жаңғыртылды. Ғимараттың сырты ғана емес, іші де жаңаша кейіпке ие болды. Күрделі жөндеу аясында аурухананың төбесі, едені, есіктерезелері, кəріз жəне жылу беру жүйесі толықтай ауыстырылды.
Аурухананың сəулеті ғана жаңартылып қойған жоқ, заманауи жаңа құралдармен де жабдықталды. Енді бұл аурухана облыстағы зертханаларға жүгірмей-ақ, қанның құрамын өздерінде анықтай алады. Сол үшін емдеу мекемесіне қан құрамын анықтайтын жаңа аппарат сатып алынды.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі бойынша қасбетіне қатысты қалған жұмыстар мен қазандығын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Жаңғыртылған аурухананың қазіргі жағдайымен танысқан облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы бірқатар міндеттер де жүктеді. Аймақ басшысы өңірге келетін мамандарды бірінші кезекте баспанамен қамту мəселесін шешуді жəне уақытша ем жүргізуге келетін дəрігерлерге арналған үй дайындауды тапсырды.

Есенберлиннің есімін беруді ұсынды

Облыс əкімінің ауданымызға жұмыс сапары Қарсақбай кентінде жалғасты. Аймақ басшысы қарашаңырақтағы рухани орталық – Мəдениет үйіне арнайы ат басын тіреді.
Оған негіз де жоқ емес. Пайдалануға берілгеніне бірқыдыру уақыт болған мəдениет ошағының əрі тайып, сыны кетіп тұрғанына да бірер жыл болған еді. Алайда, көп аймақта көпшілікті қуанышқа бөлеген «Ауыл – ел бесігі» жобасы Қарсақбайдағы Мəдениет үйінің де екінші тынысын ашты. Аталмыш жоба аясында нысан күрделі жөндеуден өтті. 112 миллион теңге қаражатқа ғимараттың төбесі ауыстырылып, еденіне жылу жүргізілді. Осылайша ылғалдың салдарынан сыз тартып тұратын мəдениет үйін жылыту мəселесі оң шешімін тапты. Одан бөлек, ғимараттың есік-терезесі жаңадан салынып, қабырғалары мен қасбеті жөнделді. Сахнасы ауыстырылып, кабинеттері жаңартылды. Ендігі кезекте мəдениет ошағын заманауи жиһаздармен жабдықтау мəселесі күн тəртібінде тұр.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының Мəдениет үйін жаңғырту бойынша атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ендігі жерде нысан босқа тұрмай, мұнда түрлі шаралар жиі өткізілуі қажеттігін тапсырды. Одан бөлек өңір басшысы өнер ордасына классик жазушы Ілияс Есенберлиннің есімін беруді ұсынды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.