ҚАҺАРМАН ЕЛДІҢ ҚАЛҚАНЫ
Мемлекеттің сенімді тірегіне айналған жергілікті əскери басқару органдары 12 қыркүйекте өздерінің кəсіби мерекелерін атап өтеді. Ұлытау аудандық жергілікті əскери басқару органдарының жеке құрамы аға буынның даңқты дəстүрлерінің ізбасарлары бола отырып, ҚР-ның қорғаныс қабілетін нығайту ісіне айрықша үлесін қосуда.
“Отан үшін отқа түс – күймейсің” деген екен Баукең, Бауыржан Момышұлы. Осы сөздің өзегіне бойласаң көп ақиқат ашылады. Отанды қорғау – ұлтым деген əр ұлдың міндеті, перзенттік парызы, қастерлі борышы. Жалпы мемлекеттің мəртебесін арттыруда, жасампаз халықтың жарқын болашаққа деген сенімін нығайтуда, экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан əскердің алатын орны ерекше.
Биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде Отанымыздың жоғары жауынгерлік əзірліктегі Қарулы күші аяққа нық тұрып, айбынды əскері жасақталды деуге толық негіз бар. Алдымен, тарихқа көз жүгіртейік. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды.
Айбынды əскерімізді əрқашан жас буынмен жаңартып, жасақтау міндеті Қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен басқармаларға жүктелгені белгілі. Біздің Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі де сіз бен біздің тыныштығымызды күзететін айбынды əскерімізге сарбаздарды жасақтаумен айналысады. Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің негізгі міндеті – бейбітшілік уақыттан соғыс жағдайына ауысу кезінде жоғары деңгейде жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету болып табылса, бейбіт аспанымызды бұлт шалмаған тыныш замандағы қосымша міндеті – азаматтарды мерзімді əскери қызмет қатарына шақырып, олардан Отан қорғаушы сарбаз əзірлеп, 51 жасқа дейін жұмылдыру қорымыздағы сарбаздар сапының əскери есебін толықтыру болып табылады.
Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде 14 азамат қызмет атқарады. Өткен 2021 жылдың қорытындысы бойынша азаматтарды мерзімді əскери қызметке шақыруды ұйымдастыру жəне өткізу бойынша Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі облыс бөлімдері арасында ең жоғарғы нəтиже көрсетіп, берілген жасақты 116%-ға орындап, 36 жас сарбазды Қарулы күштер мен республикалық Ұлан, сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің əскери бөлімдері мен ҰҚК-нің шекара қызметіне жіберген болатын. Ағымдағы жылы көктемгі шақырылымда 22 азаматты əскерге жіберсе, күзгі шақырылымда 17 болашақ жас сарбазды əскерге аттандыру жоспарланған.
«Биыл аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің құрылғанына 19 жыл толды. Бөлім 2003 жылы «Ұлытау аудандық əскери комиссариаты» болып ашылған. Алғашқы бастығы – Жарылғапов Мұхтар Серікұлы. Бөлім ашылған күннен бастап мыңнан астам жас сарбазды Отан алдындағы борышын өтеуге аттандырып, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, елін, жерін қорғайтын жас буын тəрбиелеуде аянбай еңбек етіп келеді. Мерзімді əскери қызметке шақырылуға жататын жасына толған күні-ақ Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге асыға аттанған ұлытаулық жас сарбаздар Айбар Сабыржанұлы, Əділет Құдыретұлы, Нұрлытаң Қанатұлы, Николай Петрович, Бекарыс Қанатұлы, Мəдениет Маратұлы, Мұхамедəл
Талғатұлы, Заманай Білімұлының есімдерін əскери бөлім қызметкерлері зор мақтанышпен атап жүр», — деді Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Еркебұлан Мустағұлов кəсіби мереке қарсаңында арнайы жолыққанымызда.
Ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген жерлестерімізді біз де кəсіби мерекелерімен құттықтап, толағай табыс тілегіміз келеді.
Альмира ОСПАН