Кеніште еңбек еткен кезім – өмірімнің үлкен мектебі

«Адамның басы – Алланың добы» деген сөз бар ғой. Ал, кешегі Кеңес заманында адамнның басы партияның добы болды. Партия қайда тепсе, сонда домалады. Домалағысы келмейтін бастарды қағып тастады. Қағып тастамағанын «қаңғытып» жіберді. Мұны неге айтып отыр дейсіздер ғой. Өйткені, мен де осы құқайды басынан өткерген жанның бірімін. Бірақ, əңгіме ол жайында емес…

«Бір жамандықтың артында бір жақсылық тұрады» дейді атам қазақ. Рас сөз. Егер, сол кездері партия мені қудалап, қызметтен шеттетпесе, кенші еңбегінің қыр-сырын білмеуім мүмкін еді. Ал, бүгін сол кен қопарып, тас аударған күндерімді мақтана айтатын болдым. Оған шүкір деймін.

Бұл ғұмырда пенденің басынан түрлі жағдай өтіп жатады. Оның жанды жадыратары да, көңілге қаяу салары да бар. Кейбіреуі мақтануға лайықты болса, енді бірі – өкінішті, тіпті, ол туралы ешкім білмей-ақ қойса екен деп, құпия сақталуы да мүмкін. Мен 1986-1989 жылдары Жезді кен басқармасында вагоннан марганец рудасын түсіретін бригадада істегенімді айтып, мақтанғалы отырмын. Енді бұл жұмысқа қалай келгенімді тəптіштеп берейін.

Қарсақбай совхозы кəсіподақ комитетінің төрағасы кызметінен босағаннан кейін аудан басшылары шалғай фермалардың біріне меңгерушісі болу жөнінде ұсыныс берді. Үзілді-кесілді бас тарттым. Бұл – компартияның «қылышынан қан тамып» тұрған кезі. Олар да қатты кетіп, «қайда барсаң онда бар, саған бұл ауданда жұмыс жоқ» деді.

Жастықтың қаны тамырда ойнап тұрған шақ, мен де қиыс кеттім. Содан Жезді кен басқармасының директоры Əшім Сариновқа барып, «Орталық шахтаға» шахтер ретінде жұмысқа қабылдауын сұрап, өтініш жаздым.

Əшім аға білікті инженер, өте əділ, жұмысты таза істейтін, айтқанынан кайтпайтын, ешкімнен қаймықпайтын кісі еді. Жездінің тумасы. Жұрт ол кісіні «қара орыс» атап кеткен. Елді алаламайтын, «қара қылды қақ жаратын» адам. Сол себепті, кен басқармасындағы көпұлтты жұмысшы қауым ерекше құрметтейді.

Əшекең өтінішіме көз жүгіртті де, «Бұның не, жеткен жерің осы болды ма?» деп бетіме ренжи қарады. Кейін ойлаймын, «шамасы ол кісі менен көп үміт күткен шығар» деп. Болған жағдайды баяндап бердім. «Саған ауданда жұмыс жоқ» дегендерін де жасырмадым. Əшекең қолындағы қаламын шиырып тастап, «Не деген көргенсіздік?! Ешкімнің ешқайдан əкелген қызметі де, кəсіпорны да жоқ» деп, қаламын қайта алды да, өтінішіме қол қойып берді. Оны кадр бөліміне өткіздім. Ондағылар маған «Кен түсіруші болып қабылданасың. Бос жұмыс орыны əзірге сол ғана» деді. Қарсылық білдірген жоқпын. Менің мұнда жұмысқа тұрып жатқанымды үйдегілер білмейді. Өзім шештім, өзім кестім.

Əрине, қазір айтуға оңай. Біраз қобалжыдым да. Жүрексіну де болды. Іштей «ойланбай істеген жоқпын ба осы» деп те қоямын. Ол кездегі жұмыс күрекпен, сүйменмен, балғамен істеледі. Бригадада бірыңғай «тепсе темір үзетін» жігіттер екен. Байқаймын, өндірісте совхоздағыдай көп сөз жоқ.

Кеніштегі алғашқы күнім арнайы жұмыс киімдерін алудан басталды. Одан кейін ауысым шебері «бүгін кез-келген уақытта вагонның келуіне байланысты жұмысқа шақырады. Үйіңе бар, телефонның маңында бол» деп шығарып салды. Киімдерді арқалап үйге келсем, үй-іші абыр-сабыр. Балалар «Папа, қазір грузотакси келеді. 36 вагон келе жатыр, тез жұмысқа шықсын деп жатыр» дейді…

Осылайша, үш жылға созылған қызығы да, қиындығы да мол өмір басталып кетті. Кен түсіру орыны – байыту фабрикасы алаңында. Сондағы эстакадаға 6 вагоннан қояды. Екі жағынан люкті ағытып жібереді екен. 4-5 метр биіктіктен ірілі-ұсақты марганец рудасы төменге лап қояды. Қашып үлгеруің керек. Өте қорқынышты. Əсіресе, түндегі жұмыс қиын. «Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді» демекші, сыртқа сыр білдірмеуге тырысамын. Вагонға шығу, түсу, люктер ашық тұрғанда оның қыр арқасымен жүру, вагонды тазалап, люктерді қайта жабу – машақаты көп жұмыс. Алғашқы бір-екі айда шаң-тозаңы денемді қышытып, мазамды алды. Жүріп келе жатқанда сықырлағаны да адамның жүйкесіне жағымсыз əсер етеді. Бір жетідей жұмыс істеген соң, тіземді тасқа соғып алып, жүре алмай қалдым. Бірақ жұмыстан қалмадым. Себебі, жора-жолдас «мынау қара жұмысқа жарамай қалды» деп саусағын шошайтып, күлетіндей көрінді.

Бригада бастығы Өсенбай Шəмшиев есімді жігіт екен. Бұрыннан танитынмын, менен 3-4 жас үлкендігі бар. Сəлеміміз түзу, сыйласып жүрген жігіт. Жұмысқа кіріскен күні «Сен осы бригаданың бригадирісің, бұйрықты солай шығартамын. Айлығың 20 пайызға жоғары болады» деді. Келістім. Бригадада 15 адам жұмыс істейді. Бəрі жезділік таныс жігіттер. Кейбіреуі – ақша табу үшін өз цехынан жаз айында жұмыс істеуге сұранып келгендер. Осы күні өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін Абылай Балшықбаев, Бағдат Қорғанбеков руданы күрекпен қарша боратып лақтырушы еді.

Кеніште жұмыс істейтіндер арасында кезінде өзім дəріс берген оқушыларым да бар еді. Олардың қара жұмысқа қалыптасқанымша көмегі мен қамқорлығы көп болды.

Біздің бригада транспорт цехының бөлімшесі болатын. Сол жылы күзде партияның есеп бөру-сайлау жиналысында транспорт цехы бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Бұл – айлық алмайтын, қоғамдық жұмыс. Осы қызметіме байланысты кен басқармасының жиналыстарына қатысып, өндірістің бағыт-бағдарын біліп отыратынмын. Сол уақытта кəсіпорынның шығынсыз жұмыс істеуі, өзін-өзі ақтауы, келешегі туралы мəселелер көп қозғалатын. «Үшқатын» карьерінен сəуірден қараша айының ортасына дейін 7-7,5 айдай руда тоқтаусыз келеді. Бір маусымда 220-250 мың тоннадай руда қабылдаймыз. «Орталық шахта» да осыншама руда береді. Кен басқармасы бойынша 450- 500 мың тонна руданы байыту фабрикасы арқылы 30-32 пайыздық концентратқа жеткізіп, металлургиялық заводтарға жіберіп тұратын. Рудниктің байырғы геологы Болат Жүгінісовтің айтуынша, 1942-1992 жылдары, яғни, 50 жылда рудник 7,8 млн. тонна руда өндірген. Сол уақытта жер қойнауында 6.0 млн. кен болған екен.

Жұмыскерлер арасында өте білімді жігіттер бар еді. Атақты ғалым, саясаткерлер, ақын-жазушылар туралы əңгіме қозғағанда, жоғары білімім бола тұра, кейбір мəселелерді білмегеніме қатты қысылатынмын.

Ал, жұмысқа келгенде олардан мықты ешкім жоқ. Соның арқасында жұмыста кешеуілдеу болмайтын. Вагондарды эстакадаға қойғаннан бастап тиісті уақытында түсіріп үлгеру керек. Ол болмаса теміржол басшылығы кен басқармасына айыппұл салады, Ол айлық жалақымызға əсер етеді. Өзім бригадир болған үш жылда айыппұл алмадық.

Сол кезде шахтерлер 300- 400 сом, аудан басшылары 300-350 сом алса, біздің орташа жалақымыз – 400 сомның үстінде. Екі рет 720 сом алған кезіміз де болды.

Табыстың көптігі əсер етті ме, бізге жұмысқа ауысып тұру қиындай бастады. Бірінші болып аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кəсіподағы комитетінің хатшысы Есенғұл Наурызбаев келді бригадаға. Ол кісі Ұлытау аудандық партия комитетінде, Жезді аудандық атқару комитетінде, аудандық «Октябрь туы» газетінде жауапты қызмет істеген.

Келесі жылы Бейсенбай Тəжікенов келді. Ол – Ұлытау, Жезді аудандық мал бордақылау пункттерінде мал дəрігері болып қызмет еткен. Өзі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жамал Тəжікенованың жұбайы болатын. Аудандық партия комитетінің хатшысы Майра Серкебаеваның күйеу баласы Жəнібек те бізге жұмысқа келді. Бұрынғы банкир, қаржыгер Амантай Қаңтарбаев ағамыз да сол жылдары бізбен бірге еңбек етті. Мекеме басқарып жүрген жігіттер басшылармен келісе алмай қалғанда «сендерде орын бар ма?» деп сұрайтын.

Сағат Хасенов деген жігіт бар, концентрат тиейтін бригадада істейді. Қарулы, шебер жігіт. Күмбез там соғады. Ол туралы аңызға бергісіз əңгімелер көп. Бірде вагонның люгі жабылмай қалды. Кувалдамен үрып, шьғара алмай жатқанбыз. Сағат келді де «былай тұрыңдар» деп жігіттерді ығыстырып, вагонның астына кірді. Еңкейіп тұрып, иығымен қатты ұрғанда люк жабылды да кетті.

Бейсенəлі Ақылбеков, Шыныбек Қозыбаев, Шалқар, ағайынды Марат пен Мейрам Кутеевтер сырт көзге қағылездеу болғанымен, қара жұмыстың майталмандары еді. Бірде 81 вагонды 36 сағатта түсіріп үлгердік.

Бригадада еңбекке қатысу коэффициентін қолдандық. Жұмыстан себепсіз кешігетін жігіттердің жалақысынан озат жұмысшыға 5-10 пайызы ауыстырылады. Алайда реніш айтушылар болмайтын.

Осындай өндірістегі ұжымның ортасында болуым кейін істеген қызметтерімде көп пайдасын тигізді. Ең бастысы, жұмысшының жағдайын, оның мінезін, психологиялық əрекетін дұрыс түсіне білетінмін.

Кен басқармасының жұмысшыға қамқорлығы шынайы болушы еді. Жездідегі шипажай емделушілерді қысы-жазы толассыз қабылдайтын. Свердповск облысы, Талица қаласында «Ура, руда» шипажайы болды. Жезділік кеншілер сонда емдом алатын.

Сол уақытта қызметкерлер мен жұмысшылар арасында сөзбұйдаға салу, өтірік айту сияқты жағымсыз көріністер өте сирек кездесетін. Тапсырмалар мен бұйрықтар мүлтіксіз орындалып жататын…

Кей кездері сол кездегі бірсөзділікті, уəдеге беріктікті, қоғам мүлкіне адал қатынасты аңсайтыным бар.

* * *

Тоқсан жолдың торабында түрған Жездімнің нарық талаптарына да, замананың алуан түрлі саясатына да төтеп бере алатынына күмəнсіз сенемін.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

 Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

.