Талғампаз тыңдарманды тәнті етті
Ұлытауға арнайы өнер сапарымен келген танымал әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл ҚОСАНОВА мен Ардақ БАЛАЖАНОВА аудандық мәдениет үйінде концерт беріп, талғампаз тыңдарманға ерекше көңіл-күй сыйлады. Қос əнші сезімтал жүректердегі сырлы сезімдерді мөлдір үнімен, дауыс сыңғырымен оятқандай болды.
Көрерменді рухани тұрғыда байытқан майталман өнер қайраткерлері небір шұрайлы шығармаларды домбырамен орындап, өнерсүйер қауымды еріксіз тамсантты. Эстрадалық əндерді екеуінің қосыла шырқауы, бұған қоса, Айгүлдің қызы Айнамкөздің орындаған əні сахнаның шырайын енгізе түсті.
Ал, жеке дауыста Айгүл Қосанова «Еділ мен Жайық», «Қаздар қайтқанда…», «Əдемі қыз», «Жадаукөк», «Ақсұңқар», «Саған халқым» əндерін əуелетсе, Ардақ Балажанова «Жақсы болса, жан жарың…», «Бозбала» əндерімен жүрекке жылылық ұялатты.
Әйгілі әншілер салған əсем əуеңдер қасиетті өңір тұрғындарын, бейнелеп айтқанда, əн бесігінде тербетті. Ұлытау ән қанатында қалықтады. Сахна төрінен төгілген сырлы əуен, шалқыған əн жандүниемізді ғажайып сезімге бөледі. Қиялға қанат бітіріп , көңілдерге шуақ құйғандай əсер қалдырды. Көрермен көңілінен, тыңдарман талғамынан шыға білді. Оған өнерсүйер қауымның әр әннен кейін дуылдата қол шапалақтағаны – дəлел.
Қайрат ЖҰМАБАЙ