ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Ұлттық домбыра күні елімізде 2018 жылдан бері аталып келеді. Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыруды көздейтін бұл мереке біздің жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облысында ұлттық мазмұндағы айшықты мереке ретінде аталып өтті. Облыс деңгейінде Ұлттық домбыра күнін лайықты атап өту жөнінде жоспар жасалып, аудан, қалаларда, облыс орталығында жастарға басымдық бере отырып, әр саланың өкілдерін қамтыған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Облыс орталығы Жезқазған қаласының «Наурыз» саябағындағы Абай ескерткіші алдында Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясы мен қаламыздың өнерпаздары дайындаған «Домбыра – халық мұрасы» атты мерекелік концерт өтті. Соңғы жылдары руханият саябағы ретінде абаттандырылған аталған парктегі «Домбыра» композициясы жанында 70 жас өнерпаз бір сәтте Құрманғазының «Балбырауын» күйін тартып, қала халқының ықыласына бөленді.
Сәтбаевтықтар Ұлттық домбыра күнін былтыр ашылған Төлек батыр ескерткіші жанындағы аллеяда атап өтті. Ш. Ділдебаев атындағы кеншілер сарайының ұжымы, Өнер мектебі мен Оқушылар сарайының өнерпаздары қатысқан мерекелік жиында қала әкімі А. Ыдырысов құттықтау сөз сөйлеп, республикалық, облыстық өнер додаларында топ жарып жүрген Кәусар Қадырсызға домбыра сыйға тартты.
Жаңаарқалық жастар С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана ұжымымен бірлесіп Отыншы Баубекұлы атындағы саябақта мерекелік кеш өткізсе, ұлытаулықтар «Домбыра пати» ұйымдастырып, көптің ризашылығына бөленді.
Қаражал қаласы ЮНЕСКО клубы мүшелері – Балалар өнер мектебі домбыра сыныбының қатысушылары да бұл мерекеден қалыс қалмады. Онда оқушылар күй тартып, ән айтып өнерлерін көрсетті. Қалалық кітапхананың барлық филиалдарында «Қазағымның қазынасы – домбыра» атты көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жазғы сауықтыру лагерлерінде «Домбыра — халық мұрасы» атты ақпараттық сағат өтіп, оның шығу тарихы айтылып, күй шырқалды. Аймақтың мәдени-сауық орталықтарында онлайн түрде «Нағыз қазақ — домбыра» атты челлендж ұйымдастырылды.
Құрметті жерлестер! Ұлттың үніне айналған Ұлттық домбыра күні – Қазақстан қоғамын рухани тұтастыққа бастайтын айтулы күн. Егемендіктің арқасында қанатын кеңге жайған қазақ өнері әлемдік мәдениет көгінде биіктерді бағындырып, мәңгі жасасын!