Рәміздерге – ұрпақ құрметі

Еліміздің бойтұмардай сақтайтын айрықша белгілері – Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұлар – мемлекеттілікті айқындайтын нышандар. Қазіргі қолданыста жүрген рәміздер – халқымыздың ел Тәуелсіздігімен бірге қол жеткізген құндылықтарының бірі. Мемлекеттік рәміздер терең мағынаға ие. Еліміздің ұлттық рухын, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеп, ерекше болмысынан сыр шертеді. Біле-білсек Мемлекеттік белгілер – елдігіміздің айғағы, барымыздың белгісі, ұлттығымызды ұлықтайтын бірден-бір кие, белгі. Баға жетпес байлығымыз.

Тарихты парақтасақ, Сақ, Сармат, Ғұн, Ұлы Түркілер қағанаты, Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы мемлекеттерінің өзіндік, басқа елдерден ерекшеленетін таңбалары мен белгілері болған. Ал, біздің еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң көк туын көтерді. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Рәміздері қабылданды. Биыл міне, еркіндігіміз бен елдігіміздің нышаны – Ұлттық Рәміздердің қабылданғанына – 30 жыл толып отыр.

Ал, олардың сипаттамасы мен ресми пайдалану тәртібі 2007 жылғы №278 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері туралы» Заңымен бекітілгеннен кейін 4 маусымда Рәміздер күнін бүкіл ел болып атап өтетін жағдайға жеттік. Ресми түрде. Бүгінгі таңда Көк туымыз көгімізде желбіреп, Әнұранымыз шырқалып, Елтаңбамыз өшпес таңбаға айналды.

Шоқтығы биік, айтулы мерекені ұлытаулықтар да атап өтті. Шараның ашылу рәсімі мерекелік шерумен басталды. Саптың алдыңғы қатарында аудандық Оқушылар үйінің ұландары болды. Айбынды жастарымыз аудан орталығының басты даңғылы – Абай көшесі бойымен жүріп, орталық алаңға Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны салтанатты түрде әкелді. Олардың соңынан ілесе ауданның патриот жастарынан құралған барабаншылар тобы жүрді. Тізбектелген топтың соңы Тәуелсіз еліміздің ертеңі, жарқын болашағымыздың кепілі жасөспірімдердің велошеруімен, мерекелік реңде безендірілген автокөлік керуенімен аяқталды.

Рәміздер күніне арналған салтанат рухымызды асқақтатып, айбынды Әнұранның шырқалуымен ашылды. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек жұртшылықты мерекемен құттықтады. Құттықтау сөзден кейін мерекелік шараның жалғасы Рәміздерім мақтанышым» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт шымылдығы «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблі орындаған «Ерден толғауы» күйімен ашылды. Бұдан кейін де фольклорлық ансамблі, жеке дауыста әншілері асқақ өнерлерімен жарқырай көрінді. Сахнаның ыстық ықыласына бөленіп, көрерменге қол соқтырды. Концерт шымылдығы Еламан Зайни орындаған «Алға, Қазақстан!» әнімен жабылды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ