Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі
Қай кезеңде болмасын, көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар дамыған елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан белгілі. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көптілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.
Үштұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолданайық деп даурыға берудің қажеті жоқ. Біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренуіміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады.
Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шетелдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда. Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Мейлінше, көптілді меңгеру қажет, деген мен өз ана тілімізді ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып әлемге жар салып жатқан дүбірлі кезеңде қазақ ұлтының жанына сүйеу, рухына тіреу болатын басты мәселенің бірі осы – тіл. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Қазіргі кезде қазақ тілін дамыту, оқытудың деңгейін арттыру мәселесі көтеріліп, осы орайда түрлі шара атқарылып жатқаны баршамызға аян. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оның мүмкіншіліктерін барынша пайдалану – еліміздің әрбір азаматының абыройлы міндеті. Адамзат мәдениетінің негізі – тілде. Кез келген ұлттың басты ерекшелігі – оның ана тілінде. Ұлттың жаны мен жүрегі, ары мен ұяты, қазына-байлығы мен атақ-абыройы тілге байланысты. Жер бетіндегі сан мыңдаған ұлттардың ішінде тек қазақ халқы өз тілін ана тілі деп ардақ тұтып, қастерлейді. Қазақ үшін тілден құдіретті ештеңе болмаған.
Тіл адам баласының басты қазынасы болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылымы мен әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін танытатын дәлелді көрсеткіші. Әр халықтың ғұмыры – оның тілінде.
М.ЕСЕНЕЕВА,
Егінді ауылдық кітапханасының
кітапханашысы.