ОДА-да оң жұмыстар бар

Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мінбердегілердің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Жер-жерлерде жаңа емдеу орындары ашылып, қараша халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жатыр. Әйтсе де, көпшілік шалғай ауылдардағы жағдайға алаңдаулы. Сол себепті біз ауылдардағы медицинаның ахуалын білу үшін Мибұлақтағы ақжелеңділермен әңгімелескен едік.

Шалғай елді мекендегі ақ халаттылар жазатайым жағдай бола қалса, ауылдағы ағайынға жәрдем көрсетуге қаншалықты әзір? Бұл өз кезегінде әрбір адамды толғандыратын түйткілді мәселе деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында медицина саласын ерекше атап көрсетуінің мәні де осында. Сондықтан ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырып отыр.

Біз де өз кезегімізде медициналық көмектің ауылдағы ағайынға қаншалық қолжетімді екендігін білу мақсатында, Мибұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері Әнипа Сауқымбаеваға телефон соғып тілдескен едік. Оның айтуынша ауыл тұрғындарының кейбірі қанаттас жатқан қос қаладағы емдеу орындарында тіркеуде тұрады екен. Әйтсе де, ауылдағы 282 адам осы дәрігерлік амбулаторияға тіркеліпті.

– Бұлардың арасында ауыл орталығынан шалғай орналасқан малды ауылдардың тұрғындары мен малшы, көмекшілері бар. Біз осы жандардың жан-жақты, сапалы медициналық қызмет алуына қолдан келгенімізше жағдай жасап отырмыз. Осы мақсатқа бізге өткен жылы жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. Дәрі-дәрмектер де уақытылы бөлініп тұрады, – дейді бас дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, ауылда түрлі созылмалы сырқаттармен есепте тұрған жандар да аз емес екен. Бүгінгі күні қант диабеті, қан қысымы, жүйке және жүрек сырқаттарына шалдыққан 140- тай адам есепке алынған. Олар қанаттас жатқан Жезқазған қаласындағы көпсалалы ауруханаға, Медициналық-санитарлық орталыққа, басқа да емдеу мекемелеріне сырқаттарына қарай емделуге, кеңес алуға жіберіліп тұрады.

– Сырқатқа шалдыққандардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Сырқаттың деңгейі де әр алуан. Соған орай біз бұл кісілерді портал бойынша тиісті емдеу мекемелеріне жіберіп отырамыз. Сондай-ақ, сол емдеу орындарының жазбаларына сәйкес өзіміз бақылау жасап, дәрі-дәрмектерін уақытылы беріп отырамыз. Бұл жұмыстарда еш іркіліс жоқ, – дейді дәрігер.

Ауылда ана мен баланың денсаулығы да қатаң қадағаланып отырылады екен. Жүкті әйелдер мен өмірге келген балалар дәрігерлік амбулаторияның арнайы медбибісінің бақылауында тұр. Олар арнайы кестеге сәйкес тексерістерден өтіп, керекті екпе де уақытылы жасалынып тұрады.

– Әнебір жылдардағыдай емес, ауылда бала туу деңгейі де артып келеді. Өткен жылы ауылымыздың тұрғындары алты сәбимен толықса, биылғы тоғыз айда 3 нәресте өмірге келді. Кішкентай бөбектер мен олардың аналарының жағдайы жақсы. Қажетті бақылаудан өтіп, тиесілі ем-домдарын алып тұр, – дейді Әнипа.

Мибұлақ ауылдық округінің әкімі Қалдыбек Кәкімжанов та ауылдағы медициналық ахуалдың тұрақты екенін айтады.

– Ауылымызда орналасқан дәрігерлік амбулаторияның ақжелеңділері кез келген уақытта көмектесуге әзір тұрады. Аудан орталығына немесе көрші қалалардағы емдеу орындарына бару керек болса, құжаттарды әзірлеп, көмек қолын созудан аянып қалған емес, – дейді ауыл әкімі ауыл дәрігерлері жайлы жүрекжарды пікірімен бөлісіп.

Ауыл дәрігерлері коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, оның алдын алу шараларын да ойдағыдай жүргізуде.

– Санитарлық талаптарды сақтау мәселесін тұрғындарға үнемі ескертіп отырамыз. Бір медбибіміз мектеп медбибісінің міндетін атқарып, оқушылардың арасында эпидемиялық ахуалдың тұрақтылығын қадағалап отыр. Мектепке келген оқушылардың дене қызуын тексеріп, сабақ арасындағы залалсыздандыру, санитарлық шаралар сияқты өзекті жұмыстардың өз дәрежесінде өтуіне басшылық жасайды.

Халыққа көпшілік жиналатын түрлі шараларды шектеуді де хабарлап, бақылап отырамыз, – дейді ауыл дәрігері.

Халық денсаулығы мемлекет дамуының ең басты нәтижесінің бірі екенін жоғарыда айттық. Сонымен бірге, адам саулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, оның қолжетімділігі әрбір адам өмірі сапасының құрамдас бөлігі болып табылатынын да айта кету керек. Бұл тұрғыда ауылдағы ОДА-да оң істер бар.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.