Патриоттық әнде рух бар
Аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы аясында «Қазақстан – Көкбайрақты нұрлы елім» тақырыбында патриоттық əндер байқауын өткізді.
Талантты өрендерге қолдау көрсетіп, жаңа есімдерді ашуды мақсат еткен əн додасына Ұлытау ауданына қарасты Жезді, Қарсақбай, Ақтас кенттерінен, Байқоңыр, Сарысу, Қаракеңгір, Ұлытау, Шеңбер, Қоскөл, Егінді, Алғабас ауылдарынан 10 жəне 15 жас аралығындағы 14 үміткер қатысты. Байқау барысында орындау шеберлігімен өнерсүйер қауымның жүрегін жаулап əншілік шеберліктерін көрсеткен талантты балалар көрерменге тамаша рухани кеш сыйлады. Олар талап бойынша патриоттық əндерді орындады. Əрқайсысы бір-бірінен ерекшеленуге тырысты. Ерекшеленді де. Бірі сахналық киім үлгісімен озса, енді бірі əнді бимен сүйемелдеумен көзге түсті. Əсіресе, «Алға, Қазақстан!», «Көк тудың желбірегені» əндерімен қоса «Жас қазақ», «Атамекен» сынды өміршең əндерімен құлаш құрышын қандырды.
Жас өнерпаздардың өнерін аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мүсілім Құдайқұлов, аудандық мəдениет үйі жанынан құрылған «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Нұржан Сүйінбаев, аудандық мəдениет үйінің вокалисі Еламан Зəйни тəрізді кəсіби мамандар бағалады. Сонымен, кіл мықты да, кім мықты дейміз ғой бəріміз? Нəтижесінде орындау шеберлігі, музыкалық ырғақты сезінуі, əншілік қабілеті басым сайыскерлер қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып жүлделі орындардан көрінді. Əуелі ынталандыру сыйлықтарын қазылар алқасы байқоңырлық Қуаныш Қайсар мен жезділік Мейіржан Жапарға, сарысулық Мақпал Төкен, қарсақбайлық Фатима Асан, Сəбина Дүкман, шеңберлік Жанерке Тілеулес, егінділік Төрехан Дүйсенбек, алғабастық Гүлсім Егеубай, ұлытаулық Дінмұхамбет Аймағанбетке табыстады. Үшінші орын ақтастық Сезім Бауыржанға бұйырды. Ал, екінші орынға қаракеңгірлік Ақерке Əділбек лайық деп танылды. Бұл байқауда алдына қара салмаған қоскөлдік Сəнім Əлібек бірінші орынды (70 мың теңге) жеңіп алды. Басқа да жүлдегерлерге дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ