Мәжіліс депутаттары тұрғындармен жүздесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжол ӘЛТАЙ мен Арман ҚОЖАХМЕТОВ Жезді кентінде мақсатты іссапармен болып, республикалық референдум өткізудің мәні мен маңызы туралы жергілікті тұрғындармен кең тұрғыда пікір алмасты. Кездесу тізгінін аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ ұстады.

Жоғары заң шығарушы құзырлы органның мандат иелері алғашқы кезекте Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуі тиіс өзгерістер мен олардан күтілетін тиімді нәтижелер жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі. Конституциялық реформаның елдегі демократиялық үдерістердің дамуына тигізер түбегейлі жағымды әсерін дәйекті дәлелдер келтіре отырып, тартымды түрде сипаттады. Сонымен қатар, жұртшылықты референдум өтетін күні зор ынтамен дауыс беруге үндеді.

Кездесу барысында кент тұрғындары аталмыш мәселеге қатысты өздерінің көңіл төрінде жүрген сауалдарын бүкпесіз алға тартып, оларға тұщымды жауап алды.

Жиын түйінінде Мақсұт Сәрсенбайұлы Мәжіліс депутаттарына мағыналы әңгімелері үшін алғыс айтып, сәттілік тіледі.

Өз тілшімізден.