Ауылдың жарқыраған шамдары

Сарысу ауылы аудан орталығынан көп шалғайда жатса да, темір жол бекетіне таяу орналасқан елді мекен. Соның арқасында мұнда электр жарығы өшкен емес. Ал, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға Үкімет тарапынан шынайы қолдаулар көрсетілгелі бері ауылдың көшелері де жарқырай бастады.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін ауыл көшесі «көзге түртсе көргісіз» дейтіндей болатын. Яғни, түнемелік қараңғы көшелерде табан жолыңды тауып жүру мұң еді. Соңғы бірер жылда бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып келеді.

– Өткен жылы біз ауылдың екі-үш көшесін жарықтандырған едік. Тіпті көше бағандарына түрлі-түсті таспалы шам да жағып, ауыл көшесі қаладағы бақжолдардан бір де кем болмай қалды. Осы жұмыс биыл да жалғасын тапты. Жуырда Сүйінбай көшесіндегі 14 бағанға диодты лампалар орнатылды. Бұл бұрынғы шамдарға қарағанда анағұрлым жарық, әрі қуатты да көп үнемдейді екен. Қазір осы көшенің тұрғындары жарықтың рахатын көріп отыр, – дейді Сарысу селолық округінің әкімі Сәтжан Құрманбаев.

Орайы келгенде айта кетейік, ауыл алдағы қысқа да қапысыз қамданып отыр. Бар мүмкіндікті пайдаланып көше сымдары мен бағандарын қыстың боранына шыдас беретіндей етіп сайлапты.

– Жалпы, ауылдағы бағандар мен электр желілері 40 жылдан бері жөндемді жөндеу көрмей, құрсауланып, жалғанып келе жатқан дүниелер ғой. Қатты борандарда ақау беріп жатады. Биыл да өз күшімізбен бағандарды бекітіп, сымдарды керіп алдық. Ауылдағы 6 КТП да шама-шарқынша жөнделді. Өзімізше қысқа дайынбыз деп отырмыз, – дейді ауыл әкімі.

Айтпақшы, Сарысу ауылы ауданымыздағы шаруа қожалықтарын электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған бірден бір округ. Мұндағы «Қосқұдық», «Түйемойнақ» елді мекендерінде 15 шаруа қожалығы, өзеннің арғы бетіндегі «Үш тоған» елді мекенінде 5 шаруа қожалығы орталықтан баратын жоғары кернеулі электр жарығын пайдаланып отыр. Округ әкімдігі олардың да жарықсыз қалмауын қадағалап, бағандары мен желілерін мықтап берген.

Қысқасы, Сарысу ауылының тұрғындары электр қуатының қызығын көріп, үздіксіз пайдалануда. Ауыл адамдарының қайсысынан сұрасаңызда, «ауылымыздың шамдары жарқырап тұр» деп масайрайды.