Қадір түні мың айдан да қайырлы
Қадір түні араб тілінен аударғанда (ләйләтул-қадір) – қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Осынау түн жайлы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды кезең – Қадір түні. Ал адамның ең қорқынышты кезеңі қабірге орналастырылған кезі. Қадір түнін құлшылықпен өткізу, қабірдің жарқырап, нұрлануына жол ашады. Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты».
Қадір түні өзінің осындай атауын Ұлы Алланың алдындағы алатын ұлы дәрежесі мен басқа күндер мен түндердің алдындағы артықшылығы үшін және бұл түні адамдардың өмір мерзімі мен несібелері, жыл бойы орын алатын нәрселер тағдырға жазылатындығы себепті алған.
Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады».
Хафиз Ибн Ражаб: «Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!», – деп айтқан. Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп жаратқан. Олай болса, Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнінде Аллаға жақындататын төмендегідей амалдарды жасаған абзал деген.
- Бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
- Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
- Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
- Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылуға тиістіміз.
- Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өзөзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
- Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болуы шарт.
- Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманымызды күшейтуіміз қажет.
- Жиі-жиі дұға жасауымыз керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жаратушыға жақындататын дәнекер десек болады.
- Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болған болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.
- Бұл Қадір түнінің құрметіне Раббымыздан бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеуіміз керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, Ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеуіміз шарт.
Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім Қадір түнін Алланың сауабына иман келтірген және үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі»
Иә, шынында да, Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса Қадірлі һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген. Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің жасыл бақтары бар жұмағына жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол – барша адамзатқа нәсіп болғай!