Көрермен көңілінен шыққан қойылым
Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық – драма театрының әртістері «Төртеу түгел болғанда» атты эпикалық драмалық қойылымды сахналады. Жергілікті көрермендер алғаш рет Ұлытау төрінде қойылған жаңа қойылымды жылы қабылдады. Бұл қойылым Қазақстан Республикасының Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабековтың «Аманат» романының желісі негізінде жазылған.
Ұлытау сахнасында әртістер кейіпкерлерін шынайы сомдап, көпшіліктің көңілінен шықты. Қойылым аяқталғаннан кейін ұлытаулықтар өнер саңлақтарына құрмет көрсетіп, ыстық ықыластарын жеткізді. Аудан әкімі Советбек Медебаев та өз лебізін білдірді.
— Бүгін жерлесіміз Батырбек Тыныштықбайұлының «Аманат» романының желісі бойынша жазылған «Төртеу түгел болғанда» атты эпикалық драмасының қойылымын тамашаладық. Роман желісіне арқау болған «Төрт босаға», яғни Ұлытау төңірегіне етене таныс ұлы тұлғаларымыз Қадір би, Шегір би, Бабыр би, Сандыбай батыр туралы сахналанды. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген сөз бар». Осындай туындыны жасап, осы қойылымды аудан орталығында көрсетуге мұрындық болған азаматтарға Ұлытау халқы атынан ризашылығымызды білдіреміз, — деді.
Сөз соңында аудан басшысы Жезқазған аймағынан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты. Бұдан кейін Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров сөз алып, аудан басшысы Советбек Тұрсынұлын Кетбұқаның төсбелгісімен марапаттап, аудандық кітапхана қорына құнды кітаптарды тапсырды. Келесі кезекте сахна төріне Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Тахан Шынбергенов шақырылып, абыз ақсақал жиналғандарға ақ батасын берді.
Осы сәтте «Аманат» кітабының авторы Батырбек Мырзабековты бізде әңгімеге тартқан едік…
– «Төртеу түгел болғанда» қойылымды Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының әртістері жоғарғы деңгейде ойнап шықты. Бұл дүниенің негізгі мақсаты жастарға отансүйгіштік, бірлік, татулық кешегі ата-бабаларымыздың елдің бірлігі мен тыныштығы үшін қандай қызметтерді атқарды осыны көрсету мақсаты болған. Сол мақсатқа жеткендейміз. Әрине, романдағы кейіпкерлердің бәрі қамтылмағанымен негізгі басты идеясы сол кездегі ахуалды қойылымда дәл дөп басып бергендей болды. Осындай шараға келген барлық көрермендерге рақметімді айтамын. Театрды ауданға әкелуіне көмек көрсеткен Бауыржан Шыңғысов, Төлеген Бүкіров, Советбек Медебаевқа алғысымды білдіремін. Бұл қойылым осымен шектеліп қалмай, болашақта үлкен сахналардан көрінсе деген ойдамын. Бір сөзбен айтқанда, бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты. Осы мақсатта ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырсақ деген ой бар, – деді Батырбек ақсақал.
Сол күнгі қойылымға Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бауыржан Шыңғысов, Қазақстан Республикасының Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабеков, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Досжан Жанботаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев қатысты.
Бұл қойылымның Ұлытау сахнасына өтуіне мұрындық болған “Қазақмыс” корпорациясына ұлытаулықтар да алғыстарын білдірді.
Жасұлан АЯШЕВ