«Ұлытау – қазақтың тарихи орталығы»
Кешегі күн – Жезқазған, Ұлытау өңірі үшін тарихи күн. Араға 25 жыл салып, Жезқаланың басына баяғыда ұшқан бағы қайта қонғандай. Ширек ғасырдан соң қайыра облыс орталығы мәртебесін иеленбек. Өңір болса, Ұлт ұясы – Ұлытау атауымен атанбақ. «Ұлытау облысы» деп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру тетіктерін атады. Осылайша, Семей өңірінде – Абай облысы, Жезқазған аймағында – Ұлытау облысы, Алматыда тағы бір облыс – Жетісу облысын құруды ұсынды. Еліміздегі белгілі экономист, сарапшылардың бірқатары Президент шешімін «өте құптарлық» деп отыр.
Бұрынғы Жезқазған облысының ауданы 313 400 шақырым еді. Облыс 1973 жылы ашылып, 1997 жылдың 3 мамырында таратылған-тын. Сол кездегі облыстағы халықтың саны 496 мың шамасында дейді деректер. Жезқазған облысы құрамында ол уақытта 4 қала – Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев, 7 аудан – Ақадыр, Ақтоғай, Жезді, Жаңаарқа, Приозерный, Ұлытау, Шет аудандары болғаны мәлім. Қазір аудандардың қайсыбірі біріктірілген. Жезқазған қаласында 129 мыңға жуық тұрғын мекендесе, ашық ресурстағы мәліметтер бүгінде 90 мың көлемінде дегенді алға тартады.
Ал, енді 25 жылдан кейін қайта мәртебе иеленген өңірдің келешегі келісті екеніне күмән келтірмейді экономистер. Мұның тарихи һәм экономикалық мәні тереңде деген байлам жасауда.
Экономика ғылымдарының докторы, экономика профессоры Бейсенбек Зиябеков Президент Жолдауында маңызды мәселелер айтылды деген пікірде. Соның ішінде, әсіресе, «Семей, Жезқазған, Алматы өңірінде облыстардың ашылуы өте дұрыс» дейді сарапшы.
– Біз жеріміз үлкен дейміз. Міне, сол мол жерді игеруге тиіспіз. Облыстарды бір-біріне қосқаннан бұл мақсатқа жете алмаймыз. Сондықтан Жезқазған, Ұлытау, Семей өңірін дамыту үшін оларға облыс мәртебесін беру, меніңше, тиімді қадам. Алматы облысын да екіге бөлуі де – ұтымды. Бұл орайда пікірлер де әр алуан екені сөзсіз. Облыс ашылған соң шығын артуы мүмкін деген пікір де айтылатыны рас. Алайда, өз басым олай ойламаймын. Себебі, Жезқазған бұрын қала кезінде де әкімдігі, өзге де мекеме-ұйымдары бар қала. Демек, облыс орталығы атанбай-ақ өзінің әлеуметтік саласын ұстайтын шығыны онсыз да болды. Сондықтан, шығын көбейеді деу – бекер. Өзін-өзі ақтайды, – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Сарапшының айтуынша, мынау ұланғайыр жердің байлығын игеру үшін халық байлыққа жақын орналасуы қажет. Сол өңірге шоғырлануы керек. Сонда әлеуметтік-экономикалық өсім байқалмақ.
«Жер жетерлік. Әйткенмен, оны игергеніміз аз. Сол себепті бұл дер кезінде қабылданған орынды шешім. Атының өзі қандай?! Ұлытау! Абай! Атауының өзі адамды шақырып тұр емес пе? Осыдан соң Ұлытау да, Жезқазған да тынысын ашады. Халыққа зор серпін береді», – дейді профессор.
Экономист, сарапшы Сапарбай Жобаев Ұлытау облысының Орталық Қазақстан экономикасына өз алдына дербес көп үлес қосатын аймақ аталарына шүбә келтірмейді. Оның ойынша, өңір өзі ғана дамып қоймады, сонымен бірге, маңайындағы көршілес қала, аудандарға да әсер етпек.
– Қарағанды облысы аумағынан бұрынғы Жезқазған облысын бөліп шығару – маңызды. Ұлытау – қазақтың тарихи кіндігі, тарихи орталығы. Аталған өңірдің болашағы зор. Неге? Себебі, Жезқазған өңірінде мыс өндіру арқылы ертең Қызылордамен, арғы жағындағы Шалқармен жалғасса, жоғары жағындағы Арқалықты құрамына қосып алса, бұл облыстың – Қазақстан экономикасына айтарлықтай ықпал етері анық, – дейді Сапарбай Жобаев.
Заманауи талапқа сай салынған теміржол, тас жолдар да Ұлытау мен Жезқазған өңірі келешегінен үміт күттірсе керек. Енді Ұлытау облысына қай аудан-қала еншіге берілмек? Ол туралы нақты ақпарат әзірге шыққан жоқ.
Әркімнің ресми расталмаған өз болжамы ғана бар. Дегенмен, ел үшін әбден екшеліп қабылданған бұл шешімнің елге әлеуметтік және экономикалық тұрғыда тигізер пайдасы орасан екенін айтады экономистер.
Қызғалдақ АЙТЖАН.
(«Ortalyq Qazaqstan» газетінен).