Жаңа көліктерді сыйға тартты

Кеше аудан әкімдігінің ғимараты алдында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне 7 «Шевроле кобальт» автокөлігі, 2 «JAK» автокөлігі, 2 «Патриот» автокөлігі, 1 «УАЗ» автокөлігі, қарда жүретін 2 көлік берілді. Бұл жаңа көліктерді «Қазақмыс» корпорациясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес тарту еткен. Келісті шараға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ арнайы қатысып, өз лебізін білдірді.

  • Облыс әкіміне, «Қазақмыс» корпорациясына аудан халқы атынан алғысымызды айтамыз. Сондай-ақ, полиция бөлімі ғимаратына бұған дейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын. Ынтымақтастықтың арқасында алынған жаңа көліктеріңіз құтты болсын! – деді аудан әкімі.

Бұдан кейін құттықтау легін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков жарасымды жалғастырды. Ал, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Руслан Ділмұхамедов еліміздің тыныштығы мен құқықбұзушылықтың алдын алу жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Орайы келгенде айта кетейік, жақында «Қазақмыс» корпорациясы жаңа көліктерді Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының полиция бөлімшелеріне де сыйға тартқан болатын. Сол шара Ұлытауда да жалғасын тапты.

Жасұлан АЯШЕВ