«Әлемнің мәні – әйелде»
Даңқты батыр атамыз – Бауыржан Момышұлы: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда, «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды» деп айтқан екен.
Қандай тауып айтылған сөз. Расында да, әйел – өмірдің мәні, әйел – тіршіліктің сәні, әйел – шаңырақтың ұйытқысы. Бір сөзбен айтқанда, әйелдің адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерекше. Атам қазақ ықылым заманнан бері бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарға ерекше құрмет көрсеткен. Қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. Қазақтың әйелдері де, қыздары да ондай құрметке лайық болғаны тарихтан мәлім. Сонау Тұмар анамыздан бастап кешегі Әлия мен Мәншүкке дейінгі аралықта даналығымен, ақылдылығымен, батырлығымен еліне, жеріне қорған болған бұрымдылар аз емес. Алысқа бармай-ақ, осы Ұлытау өңірінің өзінде еліне бас болған нәзік жандылар жетіп артылады. Домалақ ана, Болған аналарды былай қойғанда, аймағы «Би Бидаш» атаған Бидаш анамыз болыс болып, іргелес жатқан қалың қазақтың іргесінің сөгілмей, бірлігінің бекем болуы жолында ер азаматтардан кем еңбек сіңірген жоқ.
Кешегі ел басына күн туған отты жылдарды Ұлытау өңіріндегі колхоздарда еңбек еткен аналарымыздың төккен тері жеңіс таңының атуына қаншалықты септігін тигізгенін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек.
Кеңес өкіметі тұсында Ұлытау өңірінде қаншама қыз-келіншектеріміз еңбек майданында ер-азаматтармен тең тұрып тер төкті. Отар-отар қой өргізіп, алқапта астық өсірді. Биік межелерден көрініп, билік мінберлерден сөз сөйледі.
Міне, сол елге тұтқа болған, бірлігімізге ұйытқы болған аналарымыздың бүгінгі ізбасарлары, замандастарымыз да әйел – ана, әйел – еңбеккер, әйел – бақыт деген атауға лайықты қызметтер атқарып жатыр. Бүгінде мемлекеттік қызметте жүрген қыз-келіншектер, кәсіпкерлік саласында ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жатқан нәзік жандылар, билікте жүрген бұрымдылар соның айқын айғағы.
Осы орайлы сәтті пайдалана отырып Ұлытау өңірінің барлық қыз-келіншектерін, ақжаулықты аналарымыз бен ардақты әжелерімізді «Ұлытау» газетінің қалың оқырмандары атынан гүл көктемнің керемет мерекесі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, отбастарына бақыт, еңбектеріне табыс тілеймін. Тәуелсіз еліміздің тірегі, ұлтымыздың ұйтқысы бола беріңіздер деген ақжарма тілекті жеткізгім келеді.
Айтыстың Асанқайғысы атанған ақын Жүрсін Ерман айтқандай, қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде… Ендеше, әйелдер мәңгі жасасын!
Ізбасар ОЙБАС