Туған жерге сағыныш

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші, әр адамның туған жерге деген іңкәр сезімі, ыстық сағынышы бөлек. Әсіресе, туған жердің қадірін елден жырақта жүргенде көбірек сезінеді.

Ал, менің мақалама арқау болып отырған кейіпкерім Сайлаукүл Жұмабайқызы. Ол 1941 жылы 27 ақпанда Жезқазған аймағында Аралтөбе елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Жұмабай Наурызбаев Орта Жүз — Найман — Қожамсейіт руынан. Анасы Сырғаш Орта жүз — Найман — Шағыр руынан. Сайлаукүлдің әкесі оның алты айлығында Ұлы Отан соғысына аттаныпты. 1943 жылы әкесінен соғыста қайтыс болды деген «қарақағаз» келеді. Бірақ, бұл қаралы хабарды Жұмабайдың ағасы Сағымбай мен інісі Баубек Сырғашқа естіртпей, соғыс аяқталғанша жасырып келеді. Ақыры, 1945 жылы қаралы хабарды естігеннен кейін Сырғаш екінші рет тұрмысқа шығады. Сайлаугүл нағашысының қолында қалады. Нағашысы — Жағыпар саятшы, аңшы, мерген адам болады. Нағашы әжесі Ырысалды ақынжанды, бірбеткей, мінезді адам болса керек. Сайлаукүлдің бойындағы ақындыққа қабілетін нағашысынан дарыған сияқты. Жастайынан өнерді жанына серік етіп өседі. Еңбекке де ерте араласады. Мектепте оқып жүрген кездің өзінде жазғы маусымдық жұмыстарға қатысып, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады. 1959 жылы Сарысу ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орнында оқып, 1964 жылы химия-биология мамандығы бойынша бітіріп шығады. Бұдан кейін Сарысу ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Осы ауылда Алматы зооветеринариялық институтын бітіріп келген жас маман Әсілбек Артықбаевпен танысады.

Әсілбек сол жылдары Сарысу ауылындағы бір шопанның әйелін сібір жарасымен ауырғанын байқап, қауіпті індеттен арашалап қалады. Оған дұрыс диагноз қойып, сарысумен емдейді. Сөйтіп, қызметтік көлігімен аудандық ауруханаға жеткізеді. Осы оқиға Жезді аудандық газетіне Әсілбек Артықбаев туралы «Дәруі күшті дәрігер» деген мақаланың басылуына себепші болыпты. Осындай елге таныла бастаған азаматқа Сайлаукүл 1964 жылы тұрмысқа шығады. Әсілбек Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір ауданы Жаңажол ауылының азаматы болғандықтан екеуі отау құрған соң, сол жерге келеді. Кейіннен Леңгір ауданындағы Бірінші май кеңшарына қоныс аударып, еңбек жолдарын жалғастырады. Сайлаукүл осындағы мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, 2002 жылы 61 жасында зейнеткерлікке шығады. Мұғалім болған жылдарда көптеген марапаттарға ие болады. Олардың ішінде үздік ұстаздарға тиесілі «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері атанады. Дана халқымыз айтқандай, Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады демекші, Әсілбек Артықбаев пен Сайлаукүл Жұмабайқызы 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың жоғары білім алуларына себепкер және қамқоршы болып, жастайынан балаларына адами қасиетке толы үлгі-өнеге көрсетті. Қазіргі уақытта Сайлаукүл Жұмабайқызы сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ана және 20 немере, 4 шөбере ортасындағы асыл әже, «Күміс алқа» иегері.

Бүгінде Әсілбек пен Сайлаукүл Аралтөбе және Мибұлақ ауылдарындағы туыстарына келіп-кетіп тұрады. Олардың ішінде ағалары Сабырбай мен Өскенбайдың, екінші әкесі Арзанбектің үйлерінде көп болады. Осы кісілерден алған тәлім-тәрбиені кейінгі ұрпақтары да нағашылы-жиенді болып, тату-тәтті жалғастыруда.

Нұржан АРТЫҚОВ.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН облысы.