Тәуелсіздік толғауы

Егемендікке дейін

Қайран қазақ өмірде не көрмеді?
Азаптың желісіне көгендеді.
Патша құлап тағынан, Кеңес келді,
Бәрібір онымен ел көгермеді.
Қасақана жасаған қастандықтан,
Айтуға ауыр қазақтың көп өлгені.

Қызылдардың ниеті болды пасық,
Халыққа қастандықты жасады ашық.
Мұны көрген қазақтар ауылымен,
Ауа көшіп кетті олар шетел асып.

Бастан кештік азаптың ауырын біз,
Алапат көрдік тағдыр дауылын біз.
Қызылдар елді аштыққа ұшыратып,
Қырылды миллиондаған бауырымыз.

Бұл сұмдық нәубет болды өмірдегі,
Қасірет қалыңдады көңілдегі.
Сүйектері шашылып құла дүзде,
Өлгендердің мүрдесі көмілмеді.
Одан кейін басталып қуғын-сүргін,
Жауыздықтың көбесі сөгілмеді.

Деген жала жабылып «халық жауы»,
Басталды арыстарды қудалауы.
Ел қамын жеген асыл азаматтың,
Қалмады бұл жаладан бірі сауы.

Қасірет болды жаның жаншылардай,
Қырғаны аз болғандай қан шығармай.
Ел ішінен іздеді арыстарды,
Қансонарда із кескен аңшылардай.

Қаптап кетті тыңшылар елде «албасты»,
Қан жауған қара түнек жерді басты.
Елім деп еңіреген ерлерді ұстап,
Қызылдар атты оларды, дарға асты.

Бұл сойқан өрши түсті басылмады,
Масқара қылмыс болды ғасырдағы.
Қазақтың жартысынан көбін қырған,
Қылмысы жауыздардың ашылмады.

Жендеттер алған жанын, ажал алмай,
Қалды олар ескерусіз азаланбай.
Қасақана жасаған қастық үшін,
Жауыздардың еш қайсы жазаланбай.

2. Не болды бұдан кейін?

Ойласам қысады өкпемді,
Ел басынан өткенді.
Жауыздық, қорлық, зорлықты,
Азапты қазақ көп көрді.
Кешегі қырғын соғысты,
Басынан халық өткерді.

Ауыр боп соғыс салмағы,
Азамат елде қалмады.
Аттанды бәрі майданға,
Елінің асыл, ардағы.
Боздақтарды соғыс жалмады,
Мүгедек болып оралды.
Қырғыннан тірі қалғаны,
Олар да жоқ бүгінде,
Бәрін де ажал жалмады.
«Ескертіш» қалды олардан –
Жасанды қолы, аяғы,
Сүйенген екі балдағы.
Аманат қалды ұрпаққа –
Азаттық деген арманы.
Жетіліп жетім қалғандар,
Әкелер ісін жалғады.
Теңсіздік деген бәрібір,
Соңымыздан қалмады.
Рухы мықты халқымыз,
Үмітін бір сәт үзбеді,
Бақытты күннен алдағы.
Жар болсын деп тіледі,
Құдіреті күшті Жаратқан,
Ата-баба аруағы.

3. Бұдан кейін теңдік алдық па?

Қайдағы?
Қаптап кеп жерді жайлады,
Басталды саясат майданы.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты,
Дінімізді мықтап байлады.
Тілімізді тұсап, тұқыртып,
Бөтеннің тілі сайрады.
Ұлтымызды жұтып қоюға,
Қолданды сасық айланы.
Халықты қырып жоятын,
Ядролық қарудың,
Болды жер сынақ айлағы.
Бір жағынан бұл бізге
Көрсеткен айбын-айбары.
Зымыран ұшып протонмен,
Даламызды улады,
Ауамызды умен лайлады.
Халқымызды белгісіз,
Емі жоқ індет жайлады.
Сіңірін бізге қалдырып,
Майлысын олар шайнады.
Жерімізді жыртып айғыздап,
Тапты одан үлкен пайданы.
Уысында болды қызылдың,
Қазақстан аймағы.
Басынғаны соншалық,
Қонаевты босатып,
Колбинды басшы сайлады.
Шегіне жетіп шыдамы,
Халықтың қаны қайнады.
Жастар шықты көшеге,
Тәуекелге белді байлады.
Ұлттық намыс жастардың,
Жігерін жанып, қайрады.
Намысы үшін ұлтының,
Өлімге басты байлады.

Өртегендей орманды,
Жастарға күш қолданды.
Мен айтпай-ақ біледі ел,
Ондағы сұмдық болғанды.
Жастарымыз жалынды,
Намысын қорғап ұлтының,
Құрбандыққа да шалынды.
Ерліктері олардың,
Қызылдардың үстіне
Бомба болып жарылды,
Жауыздардың тынысы,
Бұдан кейін тарылды.

***

Басындырдық сан ғасыр басқаларды,
Жан түршігер жасаған масқараны.
Халқымыз қасығын тек асқа малмай,
Сорғалап көзден асқан жасқа малды.
Рухы мықты халқымыз бәрін жеңіп,
Талқандап бұзып шықты тасқамалды.

Тәуелсіздік алған жеңіп азапты,
Отыз жылда жасаған небір ғажапты.
Дамыған елмен тереземіз теңелген,
Мойындады әлем рухы мықты қазақты.

Мойындады әлем халықтың ерен ерлігін.
Бірлігі берік, қуатты, мықты елдігін,
Мойындады әлем Нұрсұлтан Назарбаевтың,

Данышпан, дана, керемет кемеңгерлігін.
Тәуелсіздік алып, қантөгіске соқтырмай,
Халқымыздың бақытқа кенелгендігін.
Ел-жұртымды Азаттық мерейтойымен,
Шын жүректен құттықтаймын мен бүгін!

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.