Еркін елдің азаматымын

Тәуелсіздік – сан тарихты басынан өткеріп, бойындағы тектілік пен тағдыр жазуының арқасында қазақ халқының басына қонған қастерлі бақ. Қазақ халқы үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Мен өзім осы Тәуелсіздікті тарту еткен 1991 жылдың желтоқсанында дүниеге келіппін. Бұл менің өмірімдегі ең бір тамаша сәйкестік, оны тағдырдың ерекше сыйы деп қабылдаймын. Бала кезімде ата-анам «Сен Тәуелсіздік күні өмірге келгенсің» деп жиі айтатын. Ол кезде оның маңызын түсінбейтіндігімнен болар, онша мән бере қоймайтын едім. Есейе келе, Тәуелсіздік таңы атқанда, азат елде туғаныма қуандым. Өйткені, мен бүгін Тәуелсізбін, ерікті елдің азаматымын!

Осы Тәуелсіздігіміз ата-бабаларымыздың асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс екенін ұғындым. Сондықтан, Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білдім.

Тәуелсіздік жылдарымен қатар өсіп-жетіліп, Сәтбаев қаласындағы №27 мектепте оқыдым. Орта мектепті бітірген соң 2008 жылы Жезқазған қаласындағы музыкалық колледжге түсіп, «аспапта орындау» мамандығы бойынша диплом алдым. 2012-2014 жылдары білімімді жоғарылату мақсатында Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтта оқып, «музыкалық білім» факультетін тәмамдадым. Ал, Ұлытауға «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы келдім. Еңбек жолымды аудандық Мәдениет үйінде «Ұлытау сазы» фольклорлық ансамблінде домбырашы болып бастадым. Одан кейін қызмет атқара жүріп, аудандық балалар және өнер мектебінде домбыра сыныбынан дәріс бердім. Шәкірттерім де өнер биігінен көрінді. Бірнеше облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделермен оралды. Нәтижесінде өзім де «Жас көшбасшы педагог» төсбелгісімен марапатталдым. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін. Тәуелсіздіктің құрдасы болуы мен үшін үлкен жауапкершілік жүктейді және соған лайықты азамат болуға тырыстым. Ендігі мақсатым – Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосу, елдің бетке ұстар азаматы болу. Жерді, елді көркейту, оны нығайта түсу міндеті тұр. Бүгінгі таңда жеке шаруа қожалығым бар. Мал шаруашылығымен айналысамын. Болашақтағы жоспарым төрт түлікті мал басын көбейту. Ел экономикасының дамуына үлес қосу.

Қасиетті өңірге «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы келіп, осындай жетістікке жеткенім, ел Тәуелсізгінің арқасы. Бүгін зайыбым Мадина екеуіміз үш бала тәрбиелеп, жас отбасылар қатарында түтін-түтетіп отырған жайымыз бар. Қарап отырсақ, мемлекеттік жастар саясаты көбіне еліміздің сәтті дамуына негіз болды және жас қазақстандықтардың лайықты буынын қалыптастыруға мүмкіндік туғызды. Сондықтан қай салада болмасын еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ету абыройлы міндет. Былай қарасақ, 30 жыл деген тарих үшін қас-қағым сәт қана. Осы уақыт ішінде Тәуелсіздігіміз орнығып, мемлекетіміз кемелдене бастады. Тәуелсіздік құрдастары да азат елмен бірге есейіп келе жатыр. Болашақ жарқын. Мен елімнің келешегіне сенімін. Оған өз үлесімді қоса білу, ең басты мақсатым. Тек еліміз аман, аспанымыз ашық болып, Көк байрағымыз биікте желбірей берсін!

Нұржан СҮЙІНБАЕВ,

аудандық Мәдениет үйінің қызметкері.