Талды тарихи-археологиялық паркі бойынша туристік бағыт таныстырылды
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Талды тарихи-археологиялық паркі бойынша туристік бағыттың тұсаукесерін өткізді. Экскурсиялық турға өлкетанушылар, археологтар, реставраторлар, туроператорлар, сондай-ақ студенттер, оқушылар мен оқытушылар қатысты.
Талды тарихи-археологиялық паркінің туристік бағдары – бұл аймақтың жарқын оқиғаларға толы ежелгі және ортағасырлық тарихын бейнелейтін ескерткіштермен; тас дәуірінің петроглифтері түріндегі ашық аспан астындағы кешендермен; қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің қоныс және мемориалдық ескерткіштерімен; табиғи ландшафт айналасында қайта жасалған ежелгі түрік уақытының салттық қоршауларымен және ерте мемлекеттіліктің қасиетті нысандарымен танысу.
– Тұсаукесерді біздің мұражай Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен және Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығымен бірлесіп ұйымдастырды, – дейді өлкетану мұражайының ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлдана Бейсенғалиева. – Экскурсиямыздың ұзақтығы шамамен 6 сағатты құрады, қашықтық – 199 шақырымды құрады. Біз Сенкібай батыр кесенесіне, Табылды, Қотыртас, Талды-1, Қаражартас және Қаражартас-2 қорымдарына, Көктерек мұрты бар қорғанға, Ақкезен қонысына, Ақбауыр көне түркілік ғұрыптық қоршауларына және Бүйректі патша қорғандарына бардық.