Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы

Жуырда, нақтырақ айтқанда, Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің 15 мамыр, 2021 жылғы №25 (6312) санында «Үш бидің ескерткіші Ұлы Дала Ұлытауының төрінде тұруы тиіс» тақырыбымен тартымды мақала жарияланды. Оның авторы санасы сергек қауымның көкейінде көптен жүрген қоғамдық маңызы зор, аса өзекті мәселені көтерген. Себебі, қазіргі жастар мен келер ұрпақ халықтың өткен тарихын, бабалардың даналығы мен ерлігін, ұлтымыздың рухани кемелдігін тамырынан тарта білуі тиіс.

Қалмақтардың 1721 жылы қара бұлттай қаптаған қалың қолмен тосыннан шабуыл жасап, қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратқаны, соның кесірінен сан мыңдаған адамның ажал аранында кеткені тарихтан жақсы мәлім. Бұл сойқан біздің ұлт ретінде сақталып қалуымызға қатты қатер төндірді.

Осындай ел тағдыры сынға түскен шақта ұлтымыздың үш ұлы биі Төле, Қаздауысты Қазыбек пен Әйтеке Ұлы Дала кіндігіндегі Ұлытаудың бауырына Үш Жүздің басты тұлғаларын, жаужүрек батырларын жинап, ұлы жиын өткізді. Елдік пен бірлік туын көтеріп, қалың елді сол тудың астына мызғымастай топтастырды. Соның нәтижесінде қазақ қолы қаһарлы күшке айналды. Осы қасиетті Көктөбенің бауырынан ұлт тағдырын шешетін айқасқа аттанған баталы баһадүрлер Бұланты мен Білеуті өзендерінің аралығында қаптаған қалмақты тосып алды.

«Жан алысып, жан беріскен» алапат айқаста қас дұшпанның тас-талқанын шығарып, ұлт мерейін асқақтатты.

 Бұл ұлттық болмысымызды сақтап қалған Ұлы Жеңіс еді. Тарихи жеңіске жетуде ұлы үш бидің еңбегі өлшеусіз екендігі – мойындалған ақиқат!

 Сондықтан да, жаудың сағын сындырған Ұлт ұясының төрінде ұлы билер ескерткішінің тұруы – өте орынды. Бұған тамырында Қазақтың қаны ойнаған, ұлттың қамын ойлаған әр азамат өз үлесін қосуы тиіс.

Сонымен қатар, мақала авторының Ұлттың осынау Ұлы Жеңісін жыл сайын маңызды мереке ретінде ел көлемінде атап өту керек деген пікірі де – қолдауға лайықты ұсыныс.

Жарқынбек БӨЛЕНДИН,

«Бақдәулет» шаруа қожалығының жетекшісі,

Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты.