Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.

Президент 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамының ел тарихындағы ерекше орнына тоқталып, ұйым мүшелерінің мемлекеттік тілді дамыту жолындағы еңбегіне алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы тілдің баршаға ортақ құндылық екенін атап өтіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін қоғам болып жұмылудың маңызын айтты.
«Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», – деді Президент.
