Ұлытау облысында табиғи газды сұйылту зауытының іргетасына капсула салынды

Талап ауылында болашақ табиғи газды сұйылту зауытының іргетасына капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

Инвестициялық жобаны «Ulytau Sepmem Energy» ЖШС (CHENGDU SEPMEM ENERGY LTD) жүзеге асырып жатыр. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 80 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Қарипбаев жаңа өндіріс орнының өңір экономикасы үшін маңызына тоқталды.

«Аталған жобаның жүзеге асырылуы облыстың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, газ инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Нұртас Қарипбаев.

Жоба Ұлытау облысының әкімдігі мен инвестор арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.