Қоғам тыныштығы – қырағы бақылауда
Күніне «қырық құбылған» қазіргі қоғамда қылмыстың тым өршіп тұрғаны жасырын емес. Өкінішке қарай, ұрлық, алаяқтық жасау, бопсалау, кісі тонау, тіпті, адам өлтіру – жаңалық болудан қалды. Мұндай құбылысқа елдің еті үйреніп кеткен бе, әйтеуір, таңырқауды да қойған сыңайлы. Оның үстіне, былтырғы жылдан бері ел аумағын қамтыған қатерлі дертке байланысты жарияланған карантиндік шектеулердің кесірінен, жер-жерде қылмыс жасау оқиғалары еселене түскендей…
Соған орай, қылмыстың алдын-алу, болдырмау және жасалған қылмысты дер кезінде ашу, қылмыскерді тауып, жауапқа тарту бағытында қоғамдық тәртіп сақшылары сауатты да батыл қимылдар жасауда.Ұлытау ауданы бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу мақсатында тер төгіп жүрген тәртіп сақшылары өздерінің биылғы кәсіби мерекелерін лайықты табыстармен қарсы алып отыр. Төл мерекелері қарсаңында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақовқа жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Ұлытау аудандық полиция бөлімі тарапынан 2021 жылдың өткен бес айының қорытындысы бойынша 27 қылмыстық іс (өткен жылдың сәйкес мерзімінде – 39 қылмыстық іс) қозғалды. Яғни, көрсеткіш 30,8 процентке төмендеп отыр. 2020 жылы 4 ауыр қылмыс жасалса, 2021 жылдың басынан бері 6 ауыр қылмыс жасалды. Ал аса ауыр 1 қылмыс орын алды (2020 жылы – 1 аса ауыр қылмыс).
Бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша өткен жылы 18 қылмыс тіркеліп, ашылуы 100 процент болса, биылғы бес айда 2 қылмыс тіркелді, яғни, қылмыстың бұл түрі, сәйкесінше, 88,9 ппрцентке төмендеген.
Қоғамдық орындарда өткен жылғыдай 1 қылмыс жасалып отыр. Көшеде жасалған қылмыс та тура осы деңгейде. Масаң күйде жасалған қылмыс 2020 жылы 3 болса, 2021 жылдың бес айында 5 қылмысты құрап, 33,3 процентке артып отыр. Бір көңіл көншітерлігі – жасөспірімдермен жасалған қылмыстың орын алмауы.
Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық және бұрын сотты болғандар тарапынан жасалған қылмыстардың болмауы да қуантып отыр. Топ құрып қылмыс жасау – өткен жылғымен деңгейлес. Учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен 2020 жылдың бес айында 14 қылмыс ашылса, биылғы жылдың бес айында 5 қылмыс ашылып отыр (64,3 пайызға төмендеген). 2020 жылы учаскелік инспекторлардың араласуымен 5 қылмыс ашылса, 2021 жылы 7 қылмыс ашылып, пайыздық көрсеткіш 53,3 төмендегінін көрсетті.
Көпшіліктің күнкөрісі қолындағы азынаулақ малына тіреліп отырған заманда, мал ұрлығына тосқауыл қою аса маңызды. Өкінішке қарай, мал ұрлығы жыл өткен сайын көбеймесе,азайған емес. Мысалы, өткен жылдың бес айында 1 қылмыс тіркелсе, 2021 жылдың сәйкес мерзімінде 6 мал ұрлығы оқиғасы (500 пайызға жоғары) тіркелді. Мал ұрлығының алдын алу, жеке тұлғалардың мүліктерін ұрлауды болдырмау мәселелері жөнінде халықпен кездесулер өткізу, тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Учаскелік полиция инспекторы жергілікті әкімдердің қатысуымен мал ұрлығының профилактикасы, дәстүрлі емес діни ағымдар туралы әңгімелер өткізіп жүр. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Жезқазған, Сәтбаев тасжолына автопатрульдер қойылып, «Көрші бақылауы», «Скотокрад» жедел алдын-алу іс-шаралары жүзеге асырылуда, – деді ол.
Еркебұлан Нұрбалаұлы сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларына тосқауыл қою бағытында жергілікті жерлерде профилактикалық шаралар тұрақты ұйымдастырылып отырғанын да атап өтті. Аудан аумағында биыл 4 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Ал өткен жылғы сәйкес уақытта 6 жол көлік оқиғасы (33,3 пайыз төмендеген) орын алыпты.
2021 жылдың бес айында алаяқтық, қасақана кісі өлтіру, қарақшылық, бопсалау, тонау, автомобиль ұрлығы және жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстар тіркелмеген екен.
Аудандық полиция бөлімі бастығы орынбасарының әңгімесінен бөлім қызметкерлерінің өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарап, міндеттерін абыроймен атқарып жүргенін пайымдадық.
Қызығынан қиындығы басым бұл қызметке жүрек қалауымен баратыны белгілі. Сондықтан, тәртіп бұзушылыққа төзбеу, оғаш оқиғаларды болдырмау, қылмысқа қарсы тұру – полиция қызметкерлері қабылдаған Анттың негізі болып қала бермекші. Олай болса, жылдың қай мезгілі, тәуліктің қай сағаты болсын, уақытпен санаспай, қоғам тыныштығын қорғау жолында жан аямай қызмет етіп жүрген жігіттер мен қыздар мақтауға да, мақтануға да лайықты.
Антқа берік, қызметіне адал жандардың тынымсыз еңбегіне тек қана сәттілік тілейміз.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ