Оқушылар екінші сыныптан бастап диктант пен шығарма жазады

Бұл бастама балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, сауатты жазу және өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Құрылтайда өткен брифинг барысында аталған мәселеге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тоқталды.

«Егер тілдік пәндердің оқу бағдарламасында диктант, мазмұндама және шығарма жазу болмаса, балалар кітап оқымайды. Өйткені бұл тапсырмалар баладан белгілі бір әдеби шығармаларды оқуды талап етеді. Тиісінше, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай арнайы критерийлер де қарастырылған», деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрлік Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай жазба жұмыстарын бағалау критерийлерін әзірледі.