Қарсақбай кентінің әкімі қайта сайланды
Қарсақбай кентінің әкімі болып Әлімсейіт Асылхан Мырзамсейітұлы қайта сайланды. Бұл туралы Ұлытау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 4 қазандағы №8 шешімі негізінде белгілі болды. Осылайша, кент жұртшылығы бұрынғы әкімдеріне тағы сенім артты.

Әкімді сайлау Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес өткізілді. Нәтижесінде бұған дейін де Қарсақбай кентінің әкімі қызметін атқарып келген Әлімсейіт Асылхан Мырзамсейітұлына тұрғындар тарапынан көрсетілген сенім тағы бір мәрте қолдау тапты. Кенттің жаңа сайланған әкімін қызметіне таныстыру рәсімі Қарсақбайда өтті. Жиынға кенттегі мекеме басшылары мен қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Ұлытау ауданы әкімі аппаратының басшысы Ғабиден Маратұлы Дүкембаев жаңа сайланған әкімді таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов Әлімсейіт Асылхан Мырзамсейітұлына қызметтік куәлігін табыстады. Орайы келгенде айта кетейік, жиын барысында кент әкімінің бұған дейінгі еңбек жолы мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі де атап өтілді. Асылхан Мырзамсейітұлы 1992 жылғы 10 тамызда Жезқазған қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді. 2010-2014 жылдары академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде білім алған. Еңбек жолын 2015 жылы Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінде заңгер-кеңесші қызметінен бастаған. Кейін құрылыс саласында және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бағытында түрлі жауапты қызметтер атқарып, заңгерлік және мемлекеттік басқару салаларында тәжірибе жинақтады. 2021 жылы еңбек жолын Ұлытау ауданында жалғастырып, ауданның ішкі саясат бөлімінде бас маман болып жұмыс істеді. Сол жылдың қараша айынан 2022 жылғы қазан айына дейін Ұлытау ауданының құрылыс бөлімін басқарды. Ал 2022 жылғы 17 қазаннан бастап Қарсақбай кентінің әкімі қызметін атқарып келеді. Осы кезең ішінде кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, абаттандырылуына және тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға жетекшілік етті. Әкімнің қайта сайлануы – жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға, кенттің өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді. Қарсақбай – Ұлытау өңірінің тарихы мен өндірістік шежіресінде өзіндік орны бар елді мекен. Сондықтан кенттің әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру жұмыстарын жүйелеу және тұрғындардың талап-тілектерін ескеру – жергілікті әкімдік алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қызметке қайта кіріскен Қарсақбай кентінің әкіміне аудан басшылығы мен әріптестері жаңа кезеңдегі жұмысына табыс, ел игілігі жолындағы қызметіне сәттілік тіледі. Алдағы уақытта кенттің тыныс-тіршілігін дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасып, тұрғындар көтерген мәселелерді шешу мен елді мекеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың қатарында болмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
