Елдік сын сағатта танылады
Қазақта «адамның күні — адаммен» деген қанатты қағида бар. Расында, басына қиын-қыстау іс түскен кез-келген жұмырбасты пенденің, маңайындағы адамдардан көмек сұрайтыны, жәрдеміне жүгінетіні белгілі. Адамның адамгершілігі мен қарапайымдылығы, азаматтығы да осындай шақта сыналады. Өйткені, ел бірлігі – ең асыл қасиет!
Маусым айының басында, аудан орталығында оқыс оқиға орын алды. Село тұрғыны, 70 жасқа аяқ басқан ауыл ақсақалы Серік Әбілов ұшты-күйлі жоғалады. Үйінен таңертең шығып кеткен ол үйіне оралмайды. Балалары, бауырлары ауыл ішіндегі барып, қатынасып жүрген үйлердің бәрін аралап, іздеп шықса да табылмайды. 2 күн бойы ауыл маңайына, орман-тоғайлар мен тау арасына жүргізілген іздестіру жұмыстары ешнәтиже бермейді. Бұл шараларға аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдай бөлімдері, аудан бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлім, аудандық спорт бөлімі жұмылдырылады. Келесі күні ат, мотоцикл мінген ауылдың ерікті жастары қосылды. Ауыл халқының бірлігі мен ұйымшылдығы сынға түскен оқыс оқиғаға үшінші күні нүкте қойылды. 4 маусымнан басталған іздестіру жұмыстары 6 маусым күні сәтті аяқталды. Ауыл сыртындағы шың жақтан әбден әлсіреген Серік ақсақал дін аман табылып, жедел ауылға жеткізілді. Сөйтіп, бір әулеттің басына түскен қасірет қуанышқа ұласты. Әбіловтер әулеті қиын-қыстау шақта азаматтық, адамгершілік танытқан жоғарыда аталған аудандық мекемелер мен бөлімдердің қызметкерлеріне және ауылдың ерікті ер-азаматтарына ақ Алғыстарын айтуда. «Жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын!» дейді олар. Елдің елдігі сынға түскен сағатта, жұмыла жұмыс жасаған ауыл азаматтары – қандай құрмет-қошеметке болсын лайықты!
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ