Архивте өткен тағылымды шара
Дүйсенбі күні Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінде «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында «Өнегелі ғұмыр»тақырыбында Ашық есік күні өткізілді. Жоба жұмысы өскелең ұрпақ бойына патриоттық сезім мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталды. Өйткені, архив құжаттары ғасырдан-ғасырға сақталады.

Баға жетпес құнды, халық қазынасы. Өмір деректері туралы естеліктерді, белгілі тұлғалар туралы мәліметтерді кейінгі толқынға дәріптеп, тарихта қалдыратын мұра. Осы негізде архив қызметкерлері 2022 жылдың 5 қыркүйегінде бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, жыл сайын 21 қыркүйекте «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы шеңберінде ашық есік күнін өткізеді. Биылда аталмыш жоба өз жалғасын тапты. Шараны архив басшысы Гүлмира Рыспаева ашты. — Архив — халықтың деректі жадының сақтаушысы ретінде елдің зияткерлік меншігі мен сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, архив қорына кіретін құнды құжаттарды жинау, есепке алу, олардың сақталуы мен пайдалануын қамтамасыз ету— ең бір мемлекеттік мәселе, – деді архив басшысы. Бүгінгі күні Ұлытау ауданының мемлекеттік архиві 157-ден астам қоры, 30 161 сақтау бірлігі бар коммуналдық мекеме. Ал, көрмеге қордан алынған латын қарпіндегі құжаттармен қатар, Ұлытау ауданының құрылған жылынан бастап, өмірдің өткен дәуірінен сыр шертетін тарихи-мәдени құнды мәліметтер жинақталған құжаттар қойылды. Бұдан бөлек, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек майталмандары мен көпбалалы «Батыр ана» орденді аналардың құжаттары мен фотосуреттері көрмеден орын алды. Ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген өңірдің айтулы тұлғаларының кескіндеме құжаттары, басқа да естелік материалдары , фотолары көрсетілді. Сонымен қатар, Ұлытау ауданының Құрметті азаматтары туралы жеке тектік құжаттардан көрмеде ұсынылды. Одан кейін бар ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігерлер Қаражігіт Әбдірахманов пен Жамал Бекмағанбетова туралы жазылған Қазақстанның Алтын кітабының таныстырылымы өтті. Кітапта Қаражігіт ағай мен Жамал апайдың ғибрат пен тағылымға толы өмір жолдары жазылған. Бұл туралы Алтынай Қаражігітқызы кітап мазмұнына сүйеніп, баяндап берді. Аталған шара «Өнегелі ғұмыр» тақырыбында дөңгелек үстел түрінде өтті. Оған ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбеков, тыл ардагері Балымша Жарасбаева, архив саласының ардагері Ғазиз Әбітов және аудандық деңгейдегі мекеме-бөлім қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар Қаражігіт Әбдірахманов пен Жамал Бақтыкелдіқызының көзі тірісінде медицина саласына сіңірген еңбектерін баяндап, есті естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, екі дәрігердің жеке тектік құжаттарынан алған материалдарынан, фотосуреттерінен бейнебаян көрсетілді. Іс шарада көпшілікті қызықтыратын архивистердің жаңа жетістіктері көп болды. Оны архив қызметкерлерінің өздері баяндады. Сөз арасында архивистер құжаттарды сақтау, өңдеу, цифрландыру және қалпына келтіру бағытында қолданылатын заманауи құрылғылармен технологияларды көрсетіп, олармен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді. Күн ұзаққа созылған ашық есік күнінің жұмысын Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлмира Серікқызы қорытындылады. Өз кезегінде архив басшысы село тұрғыны Алтынай Қаражігітқызына ата-анасының өмір жолы мен қызметіне қатысты материалдарды жинақтап, жеке қорға тарихи отбасылық құжаттарды тапсырғаны үшін архив мекемесі атынан сертификат табыстады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
