Ұлытау облысында 127 учаске сайлауға дайын
Ұлытау облысында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары пысықталды. Сайлау күні өңірде 127 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның төртеуі жабық үлгіде орналасқан. Барлық учаске қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.

Сайлау науқанына дайындық барысын тексеру мақсатында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Жезқазған жəне Сəтбаев қалаларындағы бірқатар сайлау учаскелеріне барды. Сапар барысында сайлаушыларға арналған ақпараттық бұрыштардың жабдықталуы, қажетті құжаттар мен материалдардың болуы, дауыс беру орындарының талапқа сəйкестігі қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының өкілдері сайлау учаскелерінде азаматтардың барлық санаты үшін қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін атап өтті. Əсіресе, ерекше қажеттілігі бар сайлаушылардың дауыс беруіне жағдай жасауға басымдық берілген. Қазіргі таңда өңірдегі сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тактильдік белгілер, арнайы дауыс беру кабиналары, ақпараттық бұрыштар жəне қажетті техникалық құралдар қарастырылған. Сонымен қатар, арнайы компьютерлер, құлаққаптар, ұлғайтқыш құрылғылар жəне Брайль қарпімен жазылған бюллетеньді оқуға арналған трафареттер дайындалған. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық мəселелері мемлекеттік орган өкілдерімен өткен кездесуде де талқыланды. Жиында атқарылған жұмыстар, сайлау процесін ұйымдастыру жəне дауыс беру күні қабылданатын шаралар туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, жергілікті сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды. Оның барысында сайлау заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер түсіндіріліп, жаңа талаптарды тəжірибеде қолдану мəселелері қаралды. Комиссия мүшелері өздерінің кəсіби біліктілігін анықтау мақсатында тестілеуден өтті.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппаратының бөлім меңгерушісі Бауыржан Тұрғанбаевтың айтуынша, семинар барысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Сайлау туралы» конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, жаңа нормаларды іс жүзінде қолдануға қатысты кейстер қарастырылды.
Соңғы нақтылау деректеріне сəйкес, Ұлытау облысында 138 362 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде мүгедектігі бар 400-ден астам азамат бар. Олардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетіп, өз таңдауын жасауына жағдай жасау мақсатында сайлау күні 8 инватакси жəне еріктілер қызмет көрсетеді.
Осылайша, өңірде Құрылтай сайлауын ұйымдасқан түрде өткізуге қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, комиссия мүшелерінің біліктілігі жəне азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мəселелері басты назарда тұр. Алдағы саяси науқанның талапқа сай өтуі үшін барлық тиісті шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

