Инфрақұрылым мен абаттандыруға жаңа серпін

Ұлытау ауданында елді мекендердің əлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға жəне ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралардың барысын бақылау мақсатында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков аудан орталығында атқарылып жатқан бірқатар нысандардағы құрылыс жəне абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Аралау барысында аудан басшысы ауыл аумағындағы маңызды əлеуметтік нысандардың бірі – «Ұлар» саябағын абаттандыру жұмыстарының барысын көрді. Аталған саябақ тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастар мен балалардың демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңғыртылуда.
Саябақ аумағын көркейту, санитарлық талаптарға сай ретке келтіру, тұрғындарға жайлы əрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға ерекше мəн берілуде. Аудан əкімі жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалы орындалуы, белгіленген талаптардың сақталуы жəне аумақтың толыққанды абаттандырылуы қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Аманжол Мырзабеков жаңадан салынып жатқан жабық футбол алаңының құрылыс барысымен танысты.
Бұл нысан ауыл тұрғындары, əсіресе жастар үшін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік беретін маңызды орындардың біріне айналмақ.
Қазіргі таңда жабық футбол алаңындағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанды пайдалануға беру алдындағы соңғы əрлеу жəне ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алаңға жасанды газон төселіп, спорттық нысанды толық дайын күйге келтіру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы жауапты мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, құрылыс мерзімдерінің сақталуына жəне анықталған кемшіліктерді жедел жою мəселелеріне назар аударды.
– Нысандардың сапалы əрі талапқа сай аяқталуы – басты міндет. Тұрғындар игілігіне берілетін əрбір нысан ұзақ жылдар бойы қызмет етуі тиіс. Сондықтан құрылыс сапасына, абаттандыру жұмыстарының орындалуына ерекше жауапкершілікпен қарау қажет, – деген Аманжол Батырбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Аудан əкімінің тапсырмасына сəйкес, анықталған кемшіліктер қысқа мерзім ішінде жойылып, жұмыстардың сапасын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Ұлытау ауылындағы аталған нысандарды толық аяқтап, пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айының соңына жоспарланған. Бұл жұмыстар елді мекеннің көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жастардың спортпен айналысуына жəне ауылдық ортаны дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Ұлытау ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар – ауылдық аумақтарды жаңғырту, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жəне халыққа қолайлы жағдай жасау жолындағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.