Егінді: жарты ғасырлық жол, жарқын белес
Әр ауылдың өзіндік тарихы, тағылымы, ел жадында сақталған еңбек шежіресі бар. Ұлытау өңіріндегі Егінді ауылының да өткені – маңдай термен жазылған мерейлі тарих. Биыл сол тарихтың бастауына айналған елді мекеннің құрылғанына 50 жыл толып отыр.

Егіндінің тарихы 1975 жылдан бастау алады. Сол жылы Ұлытау ауданында егін шаруашылығын дамыту мақсатында «Урожайный» совхозын құру туралы шешім қабылданып, 1976 жылдың 22 шілдесінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен ресми бекітілді. Жаңадан құрылған шаруашылыққа 131 897 гектар жер бөлініп, оның 19 633 гектары егістік алқап болды. Совхоздың орталығы Шолақжал тауының оңтүстігіндегі Дәнсай өзенінің бойына орналасты.
Жаңа ауылдың іргесі қаланған күннен бастап құрылыс жұмыстары қарқын алды. Тұрғын үйлер бой көтеріп, клуб, кітапхана, балабақша, медициналық пункт, байланыс торабы, дүкен, асхана, наубайхана, монша секілді әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Ауыл толық электр желісіне қосылып, шалғайдағы қыстақтарға дейін жарық жетті.

Егінділіктердің ерен еңбегі көп күттірген жоқ. Совхоз диқандары мемлекетке жоспарланған көлемнен екі есеге жуық артық астық өткізіп, мал азығын дайындауда да үздік нәтижелерге қол жеткізді. Озат механизаторлар мемлекеттік марапаттарға ие болып, «Урожайный» совхозы республикаға танылған шаруашылықтардың біріне айналды. 1990 жылы ауыл тарихи атауы – Егінді атауына ие болды.
Жарты ғасырлық мерейтой – тек бір ауылдың ғана емес, осы өлкені өркендетуге еңбек сіңірген бірнеше буын азаматтардың ортақ мерекесі. Осы айтулы датаға орай Тақбала тоғанының жағасында ұйымдастырылған салтанатты шараға елге еңбегі сіңген ардагерлер, ауылдан қанат қаққан түлектер, жерлестер мен қонақтар көптеп жиналды. Мерекенің шымылдығы ауыл тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылыммен ашылып, еңбек адамдары мен ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Мерейтойдың ресми бөлігінде Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Қайратұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы салалық кәсіподақтар федерациясының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Мақсұт Сәрсенбайұлы ізгі лебізін білдірді. Ауылдың өткені мен бүгіні туралы баяндаманы Егінді ауылдық округінің әкімі Венера Амангелдіқызы жасап, ауылдың қалыптасу жолы мен еңбек адамдарының жетістіктеріне кеңінен тоқталды. Ардагерлер мен жастар атынан да жүрекжарды тілектер айтылып, мерейтойдың тағылымдық мәні айшықталды.

Елу жылдық тойдың жоғары деңгейде өтуіне ауыл тұрғындары, жастар және әр жылдардағы мектеп түлектері ұйытқы болды. Ұйымдастыру ісіне Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы, №8 Егінді мектебінің 1995 жылғы түлегі Кеңгірбай Смағұлов, 1984 жылғы түлек Зауре Әбдуалиева, 1996 жылғы түлек Аманай Құдабаев, 2007 жылғы түлек Сабыржан Кеделов белсене атсалысты. Ал мерекені қаржыландыруға 1966 жылдан 1995 жылға дейін туған мектеп түлектері мен ауыл азаматтары жұмылып, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Мерекенің сәнін ұлттық спорт ойындары келтірді. Аламан бәйгеде Ералиев ауылынан Аманғали Темешбаевтың «Жезкиік» тұлпары топ жарды. Жүлделі екінші орын Шет ауданы Айса ауылынан Талғат Амирхановтың «Тай көгіне», үшінші орын Терісаққан ауылынан Елдос Әубәкіровтің «Қарақатына» бұйырды. Сонымен қатар, Қостанай облысы Амангелді ауданынан Мұрат Тұрмағанбетов пен Баршын ауылынан Ерлан Жетпісбаев та жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Қазақ күресінен түйе палуан бәсекесінде Әлихан Әбдіхалық жеңімпаз атанса, Қайрат Жәкенов пен Ернат Төлеш жүлделі орындарды өзара бөлісті. Асық атудан Ақарыс Бейсалы жеңіске жетсе, арқан тартыста Қаракеңгір құрамасы үздік шықты. Қошқар көтеруден Жезқазған қаласының тұрғыны Әнуар Әбдукаримов қошқарды 67 рет көтеріп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал таяқ тартудан Ержан Жүсіпов бірінші орынға ие болды.
Мерейтойдың қорытындысы ән мен күйге ұласты. Облыстық филармония өнерпаздары мен ауылдың өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды. Бір шаңырақтың баласындай бас қосқан егінділіктер өткенге тағзым етіп, бүгінгі берекеге шүкіршілік айтып, келешекке сеніммен көз тікті.

Елу жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, бір ауыл үшін тұтас дәуір. Сол дәуірдің әр бетінде адал еңбек, ауызбіршілік, туған жерге деген сүйіспеншілік жатыр. Осындай құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп келе жатқан Егіндінің мерейі асқақтап, ырысы мен ынтымағы арта бергей.
Альмира ОСПАН.

