Азияны бағындырған Жаңаарқаның мақтаныштарына құрмет көрсетілді
Жаңаарқа ауданында бокстан жастар арасындағы Азия чемпиондары Владислав Саможонов пен Азиза Исинаны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Іс-шараға аудан тұрғындары, спорт ардагерлері, жастар, чемпиондардың туыстары мен жанкүйерлері қатысып, ел мерейін асқақтатқан жерлестерін зор қошеметпен қарсы алды.

Салтанатты жиында Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Шубайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Азия чемпиондарының жеңісі – ауданның ғана емес, тұтас елдің мерейі екенін атап өтті. Аудан әкімі қос чемпионға аудан әкімінің Алғыс хатын және 500 мың теңгелік сертификатты табыстады.

Іс-шара барысында ауданның қадірлі ақсақалы, спорт саласының ардагері Бейбіт Байбосынұлы ақ батасын беріп, чемпиондарға ізгі тілегін арнады.
Сондай-ақ, спорт ардагері Алдан Қарабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға әрдайым биік белестерді бағындыруға тілектестігін білдірді.

Ауданның жас кәсіпкерлері, жастар жанашырлары Тарғын Төлегенұлы мен Жақсыбай Бөгенбай құттықтау сөз сөйлеп, Азия чемпиондарына ерекше құрмет ретінде ат мінгізді.
Өз кезегінде чемпиондардың бапкерлері Қайрат Хасенов пен Шыңғыс Сәлкенұлы сөз сөйлеп, шәкірттерінің жеңіске жету жолындағы қажырлы еңбегі туралы айтып, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыруға сенім білдірді.
Шара соңында Азия чемпиондарының ата-аналары сөз алып, перзенттеріне көрсетілген зор құрмет пен қолдау үшін аудан басшылығына, ұйымдастырушыларға және барша жерлестеріне шынайы алғыстарын жеткізді.

Бұл тағылымды шара Жаңаарқа жұртшылығының өз чемпиондарына деген құрметін айқын көрсетіп, жастарды спортқа баулудың, еңбек пен табандылықты дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

