Ұлытау ауданында жаңа модульді ветеринариялық пункт ашылды

Аталған жоба Қазақстан Республикасының 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендердегі ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Жаңа ветеринариялық пункт заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. Ғимаратта қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жұмыс кабинеттері орналасқан. Сондай-ақ, малды ветеринариялық тексеру мен өңдеу жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді жүргізуге арналған 600 шаршы метрлік арнайы қоршау (раскол) салынған.

Бүгінде Ұлытау ауылдық округінде 6 091 бас ірі қара, 5 069 бас ұсақ мал және 6 142 бас жылқы тіркелген. Сондықтан жаңа ветеринариялық пункттің іске қосылуы өңірдегі мал шаруашылығы саласының дамуына тың серпін береді.

Жалпы, 2026 жылы Ұлытау ауданында осындай 8 модульді ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды. Ал 2027 жылы ауданның қалған 7 ауылдық округін де осындай заманауи ветеринариялық нысандармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.